«Ұлытау» газеті – аудан тарихымен бірге
Мен, Ақмола өңірінде тұрсам да, «Ұлытау» газетін алып оқимын. Өмір адамдарды әртүрлі жаққа – жұмысқа, шаруаларға, күнделікті күйбеңге бөліп әкетеді. Бірақ кейбір нәрселер бар, оларға қашықтықтың еш кедергісі жоқ. Мен үшін сондай жақын дүниенің бірі – аудандық «Ulytau» газеті.
Оны көп жылдан бері оқып келемін. Қазір бұл басылым жай ғана газет емес, ол ортақ естелік, туған өңірдің тірі тарихының бір бөлшегі.

«Ulytau» газеті бұрынғы атаулары -«Большевик туы», «Сталин туы», «Коммунизм туы», «Ұлытау өңірі» болып аталды. Биыл «Ulytau» газетінің 85 жылдығын атап өтуде. Өткенге үңілсек, 1940 жылғы 1 қараша да — басылым тарихының бастау алған күні болып есептеледі. Сол күннен бері газет сынақпен де, үмітпен де, өзгеріс пен өркендеумен де қатар жүріп, оқырманымен бірге өсіп келеді.
Газет оңайлықпен дүниеге келген жоқ. Оны жұртты қолдады, біріктірді, түсіндірді, кейде үміт сыйлады. Алғашқы сандарынан бастап-ақ, «Ұлытау» аудан өмірінің сырттай бақылаушысы емес, белсенді қатысушысына айналды.
Ғасырға жуықтады. Қоғам өзгерді, атаулар ауысты, форматтар жаңарды. Бірақ ең бастысы сол күйінде қалды: газет әрдайым оқиғалардың дәл ортасында болды. Журналистер үшін ол — өз дәуірінің куәгері, ал оқырман үшін — ақпарат ағынында адастырмайтын сенімді бағдар болды.
Биылғы газеттің мерейтойы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығымен тұспа-тұс келіп, жай ғана күнтізбедегі күні емес, салмағы ауыр қоғамдық іске ұласты. Сол бір жыл ішінде өзіме жүктелген жауапкершілікті кейде анық сезіндім, кейде іштей күмәндандым да. Әсіресе, жазылған әр жол, айтылған әр сөз сол адамдардың өмірін, олардың үнсіз ерлігін жеткізе алам ба деген ой болды менде.
Қоғамдық бастама ретінде «Ulytau» газетінің беттерінде арнайы материалдар әзірлеп, оларды жыл бойы жарияладым. Жеңіс күніне дейін біздің жерлестерімізге — майдан даласында болған жауынгерлер мен тылда еңбек еткен жандарға арналған он бестен астам мақала жарық көрді. Әр мақала артында бір тағдыр, бір өмір тұрды.
Олар дабыраны сүймеді, өз ерлігін айтуға ұмтылған жоқ. Көбіне «солай істеу керек еді» деген қарапайым түсінікпен өмір сүрді. Мүмкін, дәл осы қарапайымдылық пен адал еңбек Ұлы Жеңістің ең берік іргетасы болған шығар. Газет бетін парақтағанда да, жазу үстінде де сол тыныш ерліктің салмағы сезіледі.
«Ulytau» газеті шын мәнінде, өз объективтілігімен, терең талдауларымен және аудан тұрғындарын шынымен толғандыратын мәселелерге назар аударатын қасиетімен әрқашан бағалы. Кейде ойлаймын, осындай газет бар дегенге шүкір, алдағы уақытта да уақыт ағымын адал тіркеп, туған жердің сенімді дауысы болып қала берер деп.
Қазіргі «Ulytau» газетінің журналистері, әсіресе Қайрат Жұмабай басшылық ететін команда, өз дәстүрлерін берік сақтап қана қоймай, жоғары сапаны да, ерекше танымал стильді де еш жоғалтпай келеді.
Осы мерейтой күні редакция ұжымына шығармашылық шабыт, кәсіби табыс, тұрақтылық және туған өңір игілігі жолындағы еңбектеріне ұзақ ғұмыр тілеймін. Шынымен, осындай ұжыммен мақтануға болады!
Ерғали ҚАСЫМБЕКОВ.
