Қарағандылық өрт сөндірушілердің орман өрттерін сөндіруге дайындығы тексерілді

Орман өрттерін сөндіру бойынша оқу-жаттығулар Пришахтинск маңындағы қарағай орманы аумағында өтті. Қарағандылық өрт сөндірушілер мен орман шаруашылығы қызметкерлерінің жауынгерлік бөлімшелері осы міндетті орындауға әзірлігін тексерді.

Оқу-жаттығу шарты бойынша өрт демалушылардың сөндірілмеген алауынан болған. Ыстық ауа райы мен жел жалынның орман алқабына таралуына себеп болды. Демалушылар орманның жанып жатқанын көріп, 101-ге қоңырау шалады.

Алғашқы өрт сөндіру есептоптары шақыру орнына шақырудан кейін 11 минуттан соң келіп жетті. ТЖД Өрт сөндіру қызметінің кәсіпқойлары автоцистерналарды және аспалы өрт сөндіргіштері бар жаяу десантты қолдана отырып, өртті жоюға кірісті. Оқу-жаттығуға орман шаруашылығының күштері де қатысты.

Осындай іс-шаралар табиғи сипаттағы өрттер туындаған кезде ден қоятын бөлімшелердің бірлескен іс-қимыл алгоритмдерін пысықтауға мүмкіндік береді.

ТЖД қызметкерлері Қарағанды облысы тұрғындарына келесі ережелерді еске салады:

— орман аумағында от жағуға тыйым салынады. Мұндай бұзушылық үшін 10 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін әкімшілік айыппұлдар салынады. Егер зардап шеккендер мен ірі залал болса, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастыратын қылмыстық жауапкершілікке тартылады;

— мангалдарды тек арнайы бөлінген және жабдықталған орындарда ғана пайдалануға болады;

— мангалды қараусыз қалдырмаңыздар;

— шыны мен линзаларды күн сәулесінде қалдырмаңыздар.

Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметінің ақпараты бойынша