Дәріханалар, аялдамалар және балалар алаңдары: Қарағанды облысының әкіміне Шашубай тұрғындары өз проблемалары туралы айтты
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жұмыс сапарымен Ақтоғай ауданының Шашубай кентінде болды. Осы елді мекеннің белсенді тұрғындарымен бірге проблемалық нысандарды аралап көрді.
Шашубайлықтар ТКШ бойынша бірқатар мәселелерді көтерді, отбасылық-дәрігерлік амбулатория мен басқа да әлеуметтік мекемелерді жөндеу сапасына наразылықтарын білдірді.
– Кентте дәріхана, жайлы аялдама павильоны, балалар мен ересектердің демалуына арналған алаңдар жоқ. Балқашқа бару үшін үлкен автобус қажет. Сумен жабдықтау, кәріз мәселелері де шешілмеген, – деді жергілікті тұрғын Фарида Құрышева.
Сонымен қатар, Шашубай кентінің тұрғындары көп жыл бойы бос тұрған бес қабатты үйлердің жағдайы не болады деген сұраққа алаңдаушылық білдірді.
Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат Әбеуова кентте төрт бос үй бар екенін және оларды тұрғын үй кезегінде тұрған тұрғындар үшін қалпына келтіруге ниетті екенін айтты.
– Жалпы Шашубай сияқты кенттерді дамытудың кешенді жоспары қажет. Сізге барлық жауапты органдардың қатысуымен комиссия жіберемін, – деді облыс әкімі.
Бүгінгі таңда кент халқы үш мыңға жуық адамды құрайды.