Талқыда – өзекті мәселелер
Аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВТЫҢ төрағалығымен онлайн-форматта өткен кезекті аппарат жиынының күн тәртібіне бірқатар маңызды мәселелер шығарылып, егжей-тегжейлі талқыланды.
Мәжіліс басталар тұста Советбек Тұрсынұлы аудан активіне облыс әкімі аппаратының келісімі негізінде өзінің өкімімен аудан әкімі аппаратының басшысы лауазымына жаңадан тағайындалған Ержан Дәуітбаевты таныстырып, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
Бірінші мәселе – көктемгі санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру екіайлығының жоспарлануы мен жүргізілуі жайлы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Болатбек Есназаров хабарлама жасады.
Бұдан кейін жалпы білім беретін орта мектептер оқушыларының жазғы демалысын өткеру шарттылықтары, бос уақыттарында пайдалы істермен шұғылдануын ұйымдастыру талаптары және Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жайы жөнінде аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Әбдірайымов баяндады.
Аппарат жиынында бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі – коронавирус індетінің таралуына тосқауыл қою әрекеттері, оның ішінде, тұрғындардың екпе алуы бойынша аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Танабаев ақпарат берді.
-Қазір жағдай тұрақты. Қауіпті сейілту үшін мамыр айындағы мерекелік іс-шаралар онлайн режимінде өтуі тиіс. Аудан тұрғындары арасында індеттің алдын алуға байланысты түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Десек те, екпе алу көрсеткіші – төмен. Жақын күндері аудандық аурухана қызметкерлері ауылдарға шығып, вакцина салу жұмысын жергілікті жерлерде ұйымдастырады, – деді ауданның бас санитариялық дәрігері.
Жиындағы қорытынды сөзінде Советбек Тұрсынұлы көктемгі тазалық екіайлығы аясында сенбіліктер кестесін бекітуді, кенттер мен ауылдық округтерде арнайы қоқыс төгетін орындардың құжаттарын жедел рәсімдеуді тапсырды. Сонымен қатар, тал егу, ауызсуды жеткізу сапасына қатысты тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
Аудан басшысы күрделі жөндеу жүргізілетін №3 Аманкелді орта мектебіндегі құрылыс жұмыстарының ұтымды ұйымдастырылуы жергілікті әкімдік пен мектеп директорының тікелей бақылауында болуы қажет екенін қадап айтты. Білім бөлімі басшысының алдына үнемделген қаржыны білім ошақтарының жылу қазандықтарын жөндеуге бағыттау туралы талап қойды.
Аудан әкімі өзінің орынбасары Бағдат Байжантаевқа, мекемелер мен бөлімдер басшыларына, жергілікті әкімдерге екпе алуға байланысты түсіндіру жұмыстарын ширата түсуді тапсырды.
Жиын барысында басқа да өзекті мәселелер талқыланып, салалық мекемелер басшыларына тиісті тапсырмалар берілді. Олардың орындалуы бақылауға қойылды.
Жасұлан АЯШЕВ