Теңге – мемлекет мақтанышы
15 қараша – еліміз үшін айрықша мерейлі күн. Бұл күн – Ұлттық валюта – теңгенің айналымға енген күні, сондай-ақ, қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Теңге – Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы нышандарының бірі, ел егемендігін айғақтайтын басты экономикалық белгі.

Тәуелсіздіктің алғашқы таңында
1993 жылдың қарашасы. Кеңес Одағы ыдырап, бұрынғы рубль аймағының экономикасы күйреп жатқан шақта жас мемлекет – Қазақстан өз қаржылық егемендігін жариялауға қадам басты.
15 қараша күні Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізілді. Осылайша, еліміз экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізді.
Теңгенің алғашқы үлгілерін әзірлеуге отандық суретшілер – Меңдібай Әлин, Тимур Сүлейменов, Ағымсалы Дүзелханов және өзге де талантты дизайнерлер атсалысты. Ұлттық бейнелермен өрнектелген алғашқы банкноттарда Әл-Фараби, Сүйінбай, Абай, Шоқан, Құрманғазы бейнеленді. Бұл тек валюта емес, қазақ рухының бейнелі көрінісі еді.
Теңге – тұрақтылық пен
сенім нышаны
Бүгінде теңге – мемлекеттің экономикалық егемендігін, қаржы жүйесінің сенімділігін айқындайтын маңызды құрал. Соңғы 30 жылда ол бірнеше мәрте дизайндық және техникалық тұрғыда жаңарып, қолдан жасалатын қорғаныс деңгейі жоғары заманауи валютаға айналды.
Теңгенің тұрақтылығы – еліміздің қаржы саясатының тиімділігі мен Ұлттық Банктің сауатты шешімдерінің нәтижесі. Экономистердің пікірінше, теңгенің беріктігі тек ақша бағамымен емес, экономиканың нақты секторындағы даму, инфляция деңгейі және халықтың ұлттық валютаға деген сенімімен өлшенеді.
«Теңге – тек айырбас құралы емес, ұлттық сана мен егемендік символы. Әр азамат өз валютасына құрметпен қараса, мемлекет те соғұрлым мықты болады», дейді осы саланың майын ішкен сарапшылар.
Қаржы саласы –
экономиканың жүрегі
Теңге күні – сонымен бірге қаржы саласының қызметкерлері күні.
Олар – бюджетті қалыптастырып, әлеуметтік және экономикалық бағдарламалардың жүзеге асуына жауапты кәсіби мамандар. Бүгінде Ұлытау өңірінде де тәжірибелі қаржыгерлер ел дамуына үлес қосып келеді. Мемлекеттік және жергілікті қаржы жүйесін тиімді басқару арқылы өңір экономикасы нығайып, әлеуметтік бастамалар жүзеге асуда.
Цифрлы теңге –
болашақтың бағдары
Уақыт талабына сай, Қазақстанда цифрлық теңге жобасы жүзеге асуда. Бұл – заманауи төлем жүйесін жетілдіріп, экономикада ашықтық пен тиімділікті арттыруға бағытталған жаңа кезең.
Цифрлық теңге енгізілсе, қаржы операциялары жылдам, қауіпсіз әрі қолжетімді болады деп күтілуде.
Түйін
Сайып келгенде, Ұлттық валюта – елдің экономикалық тәуелсіздігінің басты кепілі. Бүгінгі теңге – халқымыздың төзімі мен сенімінің, мемлекетіміздің кемелдігі мен тұрақтылығының көрінісі. Қай заманда да ұлттық валютаны қорғау – Отанды қорғаумен тең. Сондықтан әр азаматтың теңгеге деген құрметі – ел ертеңіне деген сенім.
Топтаманы әзірлеген
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
