Екпе салдырушылар қатары күн сайын артып келеді
Елімізде індетке қарсы екпе алу науқаны ақпан айында басталды. Республика бойынша 786 егу пункті ұйымдастырылды. Бүгінгі күні оның 170-і жұмысын бастады. Бұл іске тоғыз мыңнан астам медицина қызметкерлері жұмылдырылды. Ұлытау ауданында екпе алу 13 сәуірде басталды. Оны аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ өзі үлгі көрсетіп, бастап берді.
Аудандық емханаға «Спутник V» вакцинасының 1000 дана дозасы жеткізіліп, бүгінгі күнге дейін оның 165-і салынды. Алғашқы кезекте оны аудандық мекемелер мен бөлімдердің басшылары, мұғалімдер мен жекелеген аудан тұрғындары алды. Бұл бастаманы кенттер мен ауылдық округтер әкімдері де қолдады. Олар ерік білдірген ауыл тұрғындарымен біріге екпе салдыру үшін арнайы аудан орталығына келді.
Емханада екпе алушылар алдымен медициналық тексеруден өтіп, дәрігерлер ұсынатын ақпаратқа ден қояды. Қан қысымы мен дене қызуы тексеріледі. Содан кейін екпе егу бөлмесіне жіберіледі. Азаматтар екпе алған соң жарты сағат дәрігердің бақылауында болады.
– Екпені аудандық емханада алып жатыр. Вакцинадан кейінгі бақылау кезеңінде қажетті жағдайда қандай дәрі ішу қажет, өзін-өзі қалай күтуі тиіс деген тақырыпта әңгіме өткіземіз. Ескеретін жайт – бір ашылған вакцина 2 сағат ішінде 5 адамға салынады. Екпе алған адам 3 күн суға түспей, жылы жүруі керек. Сондай-ақ, осы аралықта ауыр көтеруге болмайды. Адамда дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік, мазасыздық және екпе салынған жері ісініп, қызарып, болмашы ауырсыну сияқты реакциялар болуы мүмкін. Бұдан қорқудың қажеті жоқ, ол уақытша ғана, – дейді аудандық орталық аурухананың терапевт-дәрігері Маржан Бердіқұлова.
Осы ретте екпе алу екі кезеңді қамтитынын айта кету керек. Алғашқы дозасын алғандар 21 күннен кейін екіншісін салдырады.
Қапаш ОРАЗАЕВ, зейнеткер, Егінді ауылы:
– Вакцина – індеттен сақтану жолы. Бұл бірінші кезекте өзіңізді және жақындарыңызды қорғау үшін қажет деп білемін. Сондықтан әр адам екпе алғаны дұрыс деп есептеймін. Зейнет жасында болсам да, осындай оймен екпе салдырттым. Мұны өзімнің де, өзгенің де өміріне жауапкершілікпен қараудан туған қадам деп қабылдау керек.
Данияр ӘУЕЗОВ, №4 Қаракеңгір орта мектебінің мұғалімі:
– Мұғалімдер қауымы індетке қарсы вакцина салдыру үшін арнайы келдік. Екпені қабылдадым. Қазір жағдайым жақсы, қалыпты күйдемін. Сондықтан, вакцинаны ешқандай қорқынышсыз салдыра беруге болады.
Жасұлан АЯШЕВ