Әзірлік – көңілге қонымды

Шаруа баққан қауым үшін көктем – қарбаласы мол маусым. Бұл кезде, әсіресе, диқандар қауымы тыным таппайды. Дала жұмыстарына техникаларын дайындайды. Себетін тұқымдарын сұрыптайды.

Осындай қарбалас Егінді ауылында да басталды. Бұл жайында бізге ауыл әкімдігінің бас маманы Айбек Балмағанбетов әңгімелеп берді.

– Өткен жылы Егінді ауылдық округі бойынша 4750 гектар жерге дәнді дақылдар себіліп, 4227,5 тонна бидай, 475 тонна арпа бастырылған еді. Ауыл диқандары биыл да осы межеден көрінуді көздеп отыр. Қазір ауа райының қолайлы сәтін тиімді пайдаланып, техниканы сақадай сай әзірлеуге күш салуда. Жерге түскен ылғал да жақсы. Тұқым мамыр айында себіледі, – деді ол.

Ауылда егін шаруашылығымен айналысатын 6 шаруа қожалығы бар. Мәселен, «Мұстафин» шаруа қожалығы жыл сайын 1 900 гектар жерге дәнді дақыл егеді. Оның иегері Оралбай Мұстафин техникалық паркін жаңғыртып, «Қаз АгроХолдинг» арқылы екі «Есіл» комбайнын алыпты. Ал «Кеңгір» шаруа қожалығы 800 гектарды игеріп келеді.

Жалпы, ауыл диқандары мол өнім алуға бүгіннен негіз қалауда. Олардың осы бағыттағы әзірліктері де ойдағыдай.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ

ЕГІНДІ ауылы.