Сарысу арнасымен ағуда

«Су – тіршілік көзі» дейміз. Әсіресе, ауылдағы шаруа баққан ағайындар үшін судың орны бір бөлек. Су болса, шөп мол болады. Шөп мол болса бағымындағы мал тоқ, өнім де көп.

Көктемгі су тасқынын тағатсыз күтетіндердің бірі – Сарысу ауылының тұрғындары. Өйткені, мұндағы шаруа қожалықтары малға азықты лиманнан шабады. Сарысу өзені жақсы тасыса лиманға су да жақсы түседі. Биыл сарысулықтардың көңілі тоқ. Өзен сағасынан шықпай, арнасымен ағып жатыр.

Әнебір жылы ауылды қызыл су басып, елді әбігерге салған еді. Содан бері су тасқынына қарсы шаралар жіті ұйымдастырылып келеді.

– Ауылға су келетін бағыт пен өзен жақ бетіне топырақтан жал тұрғызған едік. Соны жылда көтеріп отырамыз. Қазір төніп тұрған қауіп жоқ. Судың түсімі жылдағыдан жақсы. Бұл – елдің ырысы, – дейді ауыл әкімі Сәтжан Құрманбаев.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ

САРЫСУ ауылы.