Жүйелі жұмыс – бірегей талап
Аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жақия САДЫҚОВТЫҢ тізгін ұстауымен өткен аталған құзырлы құрылымның кезекті отырысында қоғам үшін мәні зор мәселе талқыланды. Байыпты басқосуға аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ, аудан әкімінің орынбасары Бағдат БАЙЖАНТАЕВ, қаралған сауалға тікелей немесе жанама түрде қатысы бар мекемелер басшылары, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторы мен БАҚ өкілдері қатысты.
Кеңестің күн тәртібіне «Жаз маусымында аудан орталығы тұрғындарының жекеменшік малын бағуды ұйымдастыру және елді мекенді көгалдандыру мақсатында көше бойларына егілген қарағайлар мен тал көшеттерін күтімде ұстау, ауыл аумағын абаттандыру туралы» мәселе қойылды. Соған сәйкес, Ұлытау ауылдық округінің әкімі Талғат Әбжаппаровтың есебі тыңдалды.
Өз хабарламасында аудан орталығынан тысқары, Айыртау, Қызылүй және Талдысай елді мекендерінің тыныс-тіршілігіне жауапты ауыл басшысы атқарылған жұмыс көлемі жайлы жан-жақты баяндады. Өткен жылы отырғызылған қарағайлардың тамырланып кетуіне мердігер ұйымның тікелей жауапты екендігін еске салып, оның өсуіне бейсауат жүре қалған жағдайда малдың зияны тиетінін тілге тиек етті. Сол және өзге бағыттар бойынша ауылдық округ әкімдігі тарапынан қолға алынған істерге шолу жасады. Ол сонымен қатар, шаруаны ілкімді жүргізуге қолбайлау болатын мәселелерді де көтерді. Соның бірі – өріске шығатын малға иелік ететін бақташы табудың қиындығы.
Биылғы жылы аудан орталығын абаттандыру және көгалдандыруға 3 млн. 17 мың теңге қарастырылса, жарық беру бағандары мен шамдарын күтіп-ұстауға 670 мың теңге бөлінген. Бұдан бөлек, ауылдың ішкіорамдық жолдарының қыс маусымындағы күтіміне бағытталған қаржы – 10 млн. 300 мың теңге.
Абай көшесі бойындағы жаяу жүргіншілер жиі өтетін жерге ескертпе-бағдаршамы орнатылған. Жарық беру бағандары мен шамдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Билбордқа орналастырылатын баннерлер сұраныс талабына сай мезгілінде ауыстырылып тұрады.
Талғат Мұсылманбекұлы Қоғамдық кеңес құрамын 2021 жылы ауыл мен оған іргелес аумақтардың ажарын арттырып, келбетін келісті түрге енгізуге қатысты бас-аяғы 20-ға жуық нақты шаралар қамтылған жоспарымен де таныстырды.
Мәселені талқылау барысында ауыл әкіміне алуан сипатты сауалдар қойылды. Сонымен қатар, ортаға ойлы пікірлер мен ұтымды ұсыныстар да молынан салынды.
Советбек Тұрсынұлы осы және бұдан басқа да көкейкесті мәселелерге кең тұрғылы көзқарас қажет екеніне тоқталып, соның аясында жалпы аудан көлемінде атқарылып жатқан, сондай-ақ, жүргізілуі жоспарда тұрған кешенді іс-шараларға сипаттама берді. Істің ілкімділігіне мақсаткерлік негіз қалайтынын қадап айтты.
– Жұмыстың жүйелі ұйымдастырылуы – талаптың бірегейі. Сол себепті, біздің тарапымыздан өзекті сауалдарды зерделеу мен тиісінше пайым-түйіндер жасау алдағы кезеңде де жалғаса береді. Ұтымды ұсыныс-ескертпелер орнықты орындалуы тиіс, – деді Қоғамдық кеңестің төрағасы Жақия Садықұлы өзінің қорытынды сөзінде.
Отырыста қарастырылған мәселеге қатысты ұсыныстар қабылданды. Оларды аудан орталығынан тысқары, өзге де ауылдық округтер мен кенттер әкімдіктеріне жолдау туралы ұйғарым жасалды.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ