Ішімдіксіз ауыл – салауатты ұрпақ қадамы Ұлытау облысындағы оң бастама өзге өңірлерге үлгі бола ала ма?
Қазіргі қоғамда салауатты өмір салтын ұстану – ұлт болашағын ойлаған әрбір азамат үшін маңызды мәселеге айналып отыр. Әсіресе ауылдық жерлерде ішімдікке салыну, оның салдарынан отбасылық кикілжіңдер, жұмыссыздық пен қылмыс деңгейінің артуы сынды әлеуметтік проблемалар жиі кездесетіні жасырын емес. Осындай түйткілді жою жолында ел ішінде түрлі игі бастамалар қолға алынып келеді. Соның бірі – ішімдіктен өз еркімен бас тартқан ауылдар қозғалысы.
ҰЛЫТАУ ӨҢІРІНІҢ ҮЛГІСІ
Ұлытау облысында соңғы жылдары ауылдар арасында ішімдікке тосқауыл қою, қоғамдық денсаулықты жақсарту және ұрпақ тәрбиесін жаңа деңгейге көтеру бағытында нақты қадамдар жасалып келеді. 2024 жылы облыс бойынша 15 ауыл ішімдікті тұтынудан толықтай бас тартатынын жариялап, салауатты өмір салтын ұстануға бірауыздан келісім берген. Бұл бастама алғашында Жаңаарқа және Ұлытау аудандарының бірнеше елдімекенінде көтерілген болатын.
Мәселен, Байқоңыр, Ақтүбек, Қараағаш, Ералиев, Жаңаталап сынды ауылдарда тұрғындар ортақ жиын өткізіп, арақ-шарапсыз той, қаралы жиын өткізуге, дүкен сөрелерінен алкогольді өнімдерді алып тастауға, жастар арасында зиянды әдеттермен күрес жүргізуге уағдаласқан. Тіпті кей ауылдарда ауыл қариялары мен жастар ұйымы мүшелерінен құралған «Салауатты өмір» кеңесі құрылған. Бұл кеңестер жергілікті ішкі саясат және денсаулық сақтау бөлімдерімен бірлесе отырып, үгіт-насихат жұмыстарын үздіксіз жүргізуде. Осындай игілікті іс біздің ауданда да қолға алынып жатыр екен. Қолға түскен ақпараттарға қарағанда бүгінгі күні Байқоңыр ауылы алкоголдік ішімдікті тұтынбайтын болыпты. Бұл көшке енді Терісаққан ауылы да ілескелі отырған сыңайлы. Жуырда біз Терісаққан ауылының әкімі Жантөре Өскенбаевқа хабарласып, мән-жайды сұраған едік.
– Бұл бастамаға негізі Ішкі істер министрлігі мұрындық болды. Жергілікті полиция қызметкерлері ауыл-ауылдарды аралап, елмен кездесіп, жобаның жай-жапсарын таныстырды. Оған ауылдардағы белсенді ақсақалдар мен жастар үн қосты. Нәтижесінде осындай деңгейге жетіп отырмыз. Жалпы, біздің Терісаққан ауылында екі жылдан бері алкаголдік сусындар сатылмайды. Қазір ауылдың дүкендерінде алкаголді ішімдіктер мүлдем жоқ. Бұл бастамаға кәсіпкерлер де түсіністікпен қарады. Есесіне ұлттық сусындарымызды насихаттауға белсенділік танытуда, – дейді ол.
БАСҚА ӨҢІРЛЕРДЕГІ
БАСТАМАЛАР
Ұлытаудағы бастаманың жалғыз еместігін де айта кеткен жөн. Бұған дейін өзге өңірлерде де ауыл халқы өз еркімен ішімдікке қарсы шығып, салауатты тұрмыс салтын қалыптастыруға бағытталған шешімдер қабылдаған болатын. Мәселен, 2022 жылы Түркістан облысының Созақ ауданындағы Ащысай ауылы толықтай ішімдіктен бас тартқанын мәлімдеді. Мұнда мешіт имамдары, мектеп ұстаздары мен ауыл ақсақалдары жұмыла отырып, алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салуға бастамашы болды.
Қазір ауылда ішімдік мүлдем сатылмайды, ал жастарға арналған спорттық үйірмелер, кітапхана мен мәдени шаралар белсенді ұйымдастырылып тұрады.
Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданындағы Маштаково және Мырзай ауылдары 2021 жылдан бері салауатты өмір салтын ұстануға көшкен. Бұл ауылдарда да дүкен сөрелерінен алкоголь алынып, отбасылық іс-шаралар тек «таза дастарқанмен» аталып өтуде.
Нәтижесінде, соңғы үш жылда ауылдағы құқық бұзушылық пен тұрмыстық жанжалдар саны күрт азайған.
Павлодар облысының Ақтоғай ауданындағы Шабар ауылында 2023 жылдан бастап ішімдікке қарсы ерікті бастама қолға алынған. Тұрғындардың айтуынша, ауылда жастардың бос уақыты көбіне мәдениет үйі, спорт алаңдары мен қоғамдық шаралармен қамтылып отыр. Осы арқылы ауыл тұрғындары ішімдіксіз де өмір қызықты әрі мәнді болатынын дәлелдеуде.
САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?
Мамандардың айтуынша, бұл бастама тек моральдық емес, экономикалық және демографиялық тұрғыда да пайда әкеледі. Әлеуметтанушы Жанат Әлиевтің пікірінше Ішімдіктен бас тартқан ауылдарда жастар арасындағы қылмыс, ерте жүктілік, жұмыссыздық сияқты әлеуметтік мәселелер азая бастайды. Бұған
қоса, тұрғындардың отбасылық бірлігі, еңбек өнімділігі де арта түседі. Бұл — қоғамның өзін-өзі жаңғыртуының бір көрінісі.
Сарапшының пікірін Ұлытау облысы полиция департаментінің шенділері де растап отыр. Мәселен, облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ерғали Қожабеков бұл жұмыстардың
оңайлықпен келмейтінін, алайда оның нәтижесі айтарлықтай екенін айтады.
– Біз Жаңаарқа ауданының осы қалай деген ауылдарын сырттай зерделеп, аудан әкімімен, оның орынбасарларымен бірлесіп ауыл ақсақалдарын, жастарды әңгімеге тартып көрдік. Бір қуантарлығы олар бұл бастаманы қуана қолдады. Алғашқы жылдары бес ауыл «Ішімдіксіз ауыл» жобасына кірген еді. Кейін олардың қатары он беске жетті. Ал осы жылы облыста он жеті
ауыл осы жобаны қолдап, ішімдіктен бас тарты. Ең бастысы бұл ауылдарда қылмыс, қоғамдық тәртіпті бұзу күрт азайды. Тіпті жоқ десек болады. Рас, ел болған соң телі-тентегі болып тұрады ғой. Бірақ бұрнағыдай үрей тудыратын қылмыстар жоқ. Есесіне ұлттық құндылықтарымыз артып, той дастарқандарынан ұлттық сусындар орын алды. Ауыл жастары салауатты өмір салтына бет бұрды. Қазір ауылда ұлттық спорт түрлерімен айналысатын жастар көбейді. Ауыл тұрғындары қымыз өндіруді ұлғайтты, – дейді Ерғали Наурызбайұлы бізбен әңгімесінде.
НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Мұндай үлгілі бастамаларды кеңінен тарату үшін ақпараттық қолдау қажет. БАҚ арқылы сәтті мысалдар насихатталса, өзге ауылдар да бұл қадамға батылырақ бара алады. Мемлекеттік ынталандыру тетіктері болуы тиіс. Ішімдіктен бас тартқан ауылдарға қосымша инфрақұрылым, спорт нысандары, мәдениет үйлері салынса, бұл жастар үшін тартымды болар еді. Үлгілі ауылдарды марапаттау немесе грант бөлу арқылы мотивацияны арттыруға болады.
Осы орайда полиция полковнигі Ерғали Қожабековтың айтқандарын елдің назарына тағы бір мәрте сала кеткен жөн деп ойлаймын.
– Біз ішімдіктен бас тартқан ауыл тұрғындарымен кездескенде бұл жобаның тек сол ауылдың шеңберінде қалмай жазиралы Жаңаарқаның күллі жұртына жетуін де сұрадық. Оларға жүрген жерлеріңде жобаның жақсылығын айта жүріңдер деп тапсырдық. Соның нәтижесі шығар «Ішімдіксіз ауыл» жобасына қатысушылар қатары артып келеді. Ендігі кезекте Ұлытау
ауданы тұр. Бүгінгі күні мұндағы екі ауыл, Байқоңыр мен Терісаққан ауылдары ішімдіктен бас тартып отыр. Осы ауылдың бастамасын өзгелерге тарата беруіміз қажет. Оның басында сол ауылдың адамдары тұрса, насихат өтімді болады, – дейді Ерғали Наурызбайұлы.
ТҮЙІН
Ұлытау облысының 17 ауылы салауатты өмірге бет бұрып, елге үлгі көрсетіп отыр. Бұл — бір реттік шара емес, ұрпақ болашағына бағытталған жүйелі қадам. Өзге өңірлердегі мысалдармен салыстырғанда, ішімдікке қарсы қозғалыс елімізде тамыр жайып келеді. Енді бұл бастаманы қоғам болып қолдап, ұлттық деңгейде кеңейту — бәріміздің ортақ міндетіміз.
«Таза ауыл — текті ұрпақтың ұясы» десек, ішімдіксіз орта сол тектіліктің негізін қалайды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.