Президент: Ауылдағы учаскелік инспекторлардың бір жылдық еңбек өтілін 1,5 жыл деп есептеу қажет

Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде учаскелік инспекторлардың әлеуетін одан әрі нығайту қажеттігіне тоқталды.

«Менің ойымша, ауылдағы учаскелік инспекторларға шен берген кезде жеңілдік жасап, яғни бір жылдық еңбек өтілін 1,5 жыл деп есептеу қажет. Ауылдағы учаскелік инспекторларды баспанамен қамтып, материалдық-техникалық базасын нығайту керек. Өңір әкімдері осы мәселеге мұқият назар аударғаны дұрыс», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент патрульдік бекеттер қызметінің жұмысын қайта қарау қажеттігін айтты. Патруль қызметкерлері азаматтармен жұмыс барысында әдеп сақтап, кәсібилік танытқаны жөн екенін атап өтті.