Терісаққан – даму бағытына бет бұрған ауыл
Жуырда Терісаққан ауылдық округіне сапары барысында Ұлытау аудандық мәслихатының төрағасы, «AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалы Саяси кеңесінің Бюро мүшесі, партияның аудандық филиалының төрағасы Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ ресми жиыннан кейін даму және жаңғыру бағытында қолға алынған әлеуетті әрекеттер барысын бағамдады.
Соның аясында өкілді органның басшысы ауылдық округ әкімі аппараты кеңсесіне жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесі және оның төңірегін абаттандыру шараларымен, сондай-ақ, қолданысқа жаңадан салынып берілген фельдшерлік-акушерлік пункттің тұрғындарға қызмет көрсету мүмкіндіктерімен танысты.
Ол сонымен қатар, ауыл азаматтарының, оның ішінде, жастар қауымының талап-тілегіне сәйкес, көпфункциональды спорт ғимараты (ангар) салынуы жоспарланған аумаққа да атбасын бұрды. Қазіргі уақытта аталған жер телімінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
– Жақында орнатылған электр бағандарының түн мерзімінде ауыл көшелерін самаладай жап-жарық етуі – ауыл жұртшылығының көңіл-күйіне оң әсерін тигізген игі қадамдардың бірі. Жағымды жаңалықтардың бәрі – ілгері басу мен одан әрі даму үрдісі орныға бастағанының айғағы. Ауданның атқарушы билігі мен аудандық мәслихаттың депутаттар корпусы осынау үрдістің үзіліп қалмауына мүдделі. Ал, сіздерге, яғни, жергілікті билік пен қауымдастықтың алдына қойылатын басты талап – толыққанды зерделенген ұтымды ұсыныстар беру, бағалы бастамалар көтеру, тиісінше, жоспарлы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп, мерзімінде атқарылуын қатаң бақылауда ұстау, бюджет қаржысының сапалы игерілуін қамтамасыз ету, – деді, Ахат Құрмансейітұлы өзінің сапар түйініндегі қорытынды сөзінде.
Тәслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ.