Көненің көзі
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы – өткен ғасырдан сыр шертетін құнды жәдігерлерге бай орын. Әсіресе, көшпенді қазақ өркениетінің төл туындысы саналатын көне бұйымдар бүгінде мұражайға келушілер назарын ерекше аударады. Сондай бағалы мұралардың бірі – торсық. Жәдігерді мұражайға 2010 жылы Ұлытау ауылының тұрғыны Қайрат МЕҢДІБАЕВ тапсырған.
Торсық – ықылым замандардан келе жатқан ыдыс. Оның жасалу үлгісі көшпенділік өмір салтымен байланысты. Алғашқыда түркі халықтары ыдыс-аяқты тек тері мен ағаштан жасаған. Торсықты қазақтардан бөлек, қырғыз, түркімен, қарақалпақтар да пайдаланған. Ол – ыстыққа да, суыққа да шыдамды, қымыз, шұбат құю үшін ғана емес, сусынды бірнеше күн сақтауға арналған ыдыс. Алыс сапарға шыққанда оған құйылған қымыз әбден шайқалып, бабына келеді.
Торсық – жылқының, өгіздің мойын терісінен жасалады. Ол үшін әуелі теріні илеп, сосын қалыпқа салып, қайыс жіппен тігіп шығарған. Біз білетін торсықтың екі түрі бар. Біріншісі дөңгелене келіп, ағашпен жиектеліп, терімен қапталады. Қылқа мойынды ұзынша тығын салатын ауызы болады. Екіншісі, айбалта тәріздес. Үлкен иіннен жоғары шыққан қошқар мүйізді қос қапталы бар, ол да ұзын мойынды. Екі түрі де ердің басына іле салуға қолайлы етіліп жасалады. Торсықты кейде «мес» деп те атайды.
Ал, мақала арқауы болып отырған жәдігер жоғарыда аталған торсықтың екінші түріне жатады. 1920 жылы жасалған оны Ұлытау ауылының тумасы Зәуреш Байымбетова ұзақ уақыт пайдаланыпты. Бертін келе, қызы Назымға аманаттаған екен. Көне жәдігер мұражайға тапсырылғанша Назымның ұлы Қайраттың үйінде сақталып келген.
Қайрат ЖҰМАБАЙ