Жеңіс Қасымбек «тұрғындарға адамгершілік танытпағаны үшін» ауыл әкімін жұмыстан босататыны туралы ескертті

Бұқар жырау ауданының тұрғыны Жеңіс Қасымбекке дүкен салу үшін жер телімін ала алмай жүргенін айтып шағымданды. Бұл туралы ол облыс әкіміне азаматтарды онлайн қабылдау кезінде мәлім етті. Азаматшаның айтуынша, Самарқанд ауылының әкімдігі бұл мәселені үш жылдан бері шеше алмай келеді.

Бұқар жырау ауданының әкімі Шағурашид Мамалинов мұны жер учаскесінің жанында автобустың бұрылуына орын берілгендігімен түсіндірді.

— Бұл айдан анық мәселе. Егер жер телімін бөлу мүмкін болмаса, бұл туралы 2018 жылы айту керек еді. Көрші учаскесін беріңіздер. Бұл адамдыққа жатпайтын іс. Тұрғындар бизнес құрып, жұмыс орындарын ашқысы келеді. Салық төлеуге ниеттері бар. Неліктен үш жыл бойы мәселені шешу мүмкіндігі болмады?! Автобусқа 15-20 метр алысырақ бұрылуға болады емес пе? Мұны Самарқанд ауылының әкімі шешуі тиіс. Мен сіздерге 20 күн беремін. Бұл кісіге жер берілген, берілмегені жайлы маған есеп беріңіздер. Егер аталмыш мәселе шешілмесе, Самарқанд ауылының әкімін жұмысынан босатамын! – деді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, облыс әкіміне Соқыр өзенін тазарту, Федоров бау-бақша учаскелері ауданындағы жол учаскесін жөндеу және саяжай автобустарын іске қосу мәселелері бойынша саяжай қоғамдастығының өкілдері жүгінді.

Қарағанды облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ақпараты бойынша, екі жыл бұрын Федоров су қоймасы ауданындағы Соқыр өзенін санациялау бойынша жұмыстар жүргізілген. Жұмыстар орындалды, актілер бар.

— ЖСҚ-ға енгізілген барлық жұмыстарды орындау қажет. Арнаның бір бөлігі ғана тазартылды, бірақ онда 5,5 шақырым аумақта жұмыстар атқарылуы тиіс, — деді «Машиностроитель» саяжай қоғамының төрағасы Николай Рудометкин.

— Бүгін менің орынбасарым мен табиғи ресурстар басқармасының басшысы сонда барады. Егер нәтиже болмаса, басқарма кемшіліктерді түзететін болады, — деді Жеңіс Қасымбек.

Қала маңындағы автобустарға келетін болсақ, оларды 15 сәуірде іске қосу жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімінің карантиндік шектеулерге байланысты қабылдауы әр айдың соңғы жұмасында онлайн жүргізіледі. Кездесуге тіркелу үшін өтінішті kanc_oblakimat@krg.gov.kz электрондық поштасы немесе egov.kz арқылы жіберу керек, сондай-ақ облыс әкімдігіне, Әлиханов көшесі, 13 мекен-жайы бойынша орналасқан фронт-кеңсеге апаруға болады.