Әліппемен қайыра қауышамыз
Менің атым «Әліппе»… Мені оқып ер жеткен, Бауыржан да, Мәлікте! Кешегі буын мектеп табалдырығын аттағанда ең әуелі «Әліппемен» танысып, осы өлеңді бойтұмар еткені мәлім. Өкінішке орай соңғы жылдары білімнің нәрі де қайнары болған сол «Әліппеден» айырылып қалдық.
Бірақ, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова Орталық коммуникациялар қызметінде берген брифингте «Әліппені» енгізу 2021-2022 жылға жоспарланып отырғанын айтты.
– «Әліппені» оқу бағдарламасына әзірлеу жұмыстары басталды. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап оқулықтар апробацияға енгізілетін болады. Ол үшін Білім және ғылым министрлігі апробация өткізетін пилоттық мектептердің тізбесін бекітті, – деді Ш. Каринова.
Вице-министрдің айтуынша, осы бекітілген тізбеге сай, барлық мектепте «Әліппе» бағдарламасы зерделенеді. Одан кейін оқулық даярлаудың барлық кезеңдеріне қатысты толық талдау жүргізіледі. Ал, сараптамадан өткен оқулықтар жаңа оқу жылында қолданысқа енгізіледі.
Жаңа «Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалуда. Ол жұмыс тобындағы барлық ғалым мен мұғалім тарапынан толық қолдау тапқан.
– Өйткені, бұл жүйе оқушылардың біліміне қатысты нағыз талаптарды қамтып отыр, оның ішінде әріптер мен дыбыстардың реттілігі ескерілген, – деді вице-министр.
Шолпан Каринова жаңа әліппені оқыту кезеңдері тура лы да айтты. Оның айтуынша, «Әліппені» оқытудың үш кезеңі қарастырылған. Олар – әліппеге дейінгі кезең, әліппе кезеңі және әліппеден кейінгі кезең.
Осының екі кезеңі «Әліппе» оқулығы арқылы іске асады. Ал кейінгі кезең мектептерде Ана тілі оқулығы бойынша жүргізілмек. Сондай-ақ, қазіргі дайындалып жатқан оқулық ата-аналардың ескертулері қаперге алынып, баланың физиологиялық жас ерекшелігі ескеріліп жазылып жатқан көрінеді.
– Әліппе кезеңі өте маңызды, онда әріп, дыбыс және буындар үйретіледі. Бұл кезеңге баса назар аударылған. Одан кейін, желтоқсан айында бұрынғыша «Әліппемен қоштасу» өткізу ескеріледі, – деді вице-министр.
Ғаламторды қараған Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ