Аяулы аналар қуанышқа кенелді
Ұлытау аудандық мәслихатының төрағасы, «AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросының мүшесі, партияның аудандық филиалының төрағасы Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай, еселі еңбегімен өңірдің дамуына сүбелі үлес қосуымен қатар, саналы ұрпақ тәрбиелеу ісінде де өзгелерге үлгі бола білген ардагер аналардың шаңырақтарына бас сұғып, көктемнің көрікті мейрамымен құттықтады.
Ол аяулы тұлғаларға аудан басшылығы және партияның облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросының атынан ақжарма пейілмен алғыс айтып, амандық, денсаулық, төңіректерінің тұтастығы мен отбасы бақытын тіледі. Гүл шоқтары мен сый-сияпаттарын ұсынды.
Мерейі өскендер қатарында аудан орталығының тұрғыны, Ұлытау аудандық ауруханасының невропатолог-дәрігері, қызмет өтілі 50 жылды құраса да, күні бүгінге дейін сырқаттарға мейірім шуағын сыйлаудан танбаған білікті маман, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, ордалы отбасының ұйытқысы Ақан (Ақзейнеп) Наурызбаева мен Жезді кентінің тұрғыны, жасы 80-нің сеңгірін бағындыруға таяп қалған еңбек ардагері, аяулы ана, асыл жар, ардақты әже Рысалды Жұмабаева болды.
Шат-шадыман күйге бөленген асыл текті аналар ел іргесінің ты аналар ел іргесінің тыныштығын, мемлекеттің ішкі тұрақтылығын, Ұлт ұясының одан әрі өркендеуі мен ат үстіндегі азаматтардың амандығын тілеп, ақ баталарын жаудырды.
Тәслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ.