Су тасқынына дайындық – бүгіннен

Бүгін аудан әкімі Аманжол Мырзабековтың төрағалығымен көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесін талқылау бойынша шұғыл кеңес өтті. Кеңеске аудан прокуроры Рахымжан Рахатов, аудан әкімінің орынбасарлары, жауапты мекеме басшылары мен онлайн форматында кент, ауыл әкімдері қатысты.



Кеңес барысында уәкілетті органдардың көктемгі су тасқынына дайындық барысы қаралды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Данияр Мұханбетов пен аудан әкімдігінің төтенше жағдайлар жөніндегі бас инспектор Ғабит Даутбаев су тасқынының алдын алу барысы туралы баяндаса, Ұлытау ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Батырлан Сәбден қазіргі уақыттағы автокөлік жолдарындағы көпірлер мен суағарлардың жағдайы жөнінде ақпарат берді. Бұдан әрі ауылдық округ әкімдері төтенше жағдай кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді.



Талқылау барысында су тасқыны қаупін төмендетуге бағытталған қосымша шаралар айқындалып, жауапты мамандар тарапынан инженерлік инфрақұрылымды нығайту, су өткізу жүйелерін тазалау және шұғыл әрекет ету топтарының дайындығын қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар айтылды.



Сондай-ақ, аудан басшысы өзен жағасында орналасқан шаруа қожалықтарындағы төрт түлікті қауіпсіз жерге көшіріп, сақтық шараларын қабылдау бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ауыл әкімдеріне қатаң тапсырды.

Осы ретте ауданның әр тұрғынын, әр кәсіпкері мен шаруа қожалық иелерін өз ауласы мен айналасындағы қарды күреп, суағарлар мен арықтарды тазалап, сақтық шараларын қабылдауды сұраймыз.