Жалт етіп өткен жасын ғұмыр
Ол өзін «Тау ұлымын» деуші еді. Жай ғана емес, ерекше мақтаныш сезіммен айтатын. Десе, дегендей-ақ, Ұлытаудай киелі мекенде дүниеге келіп, биік мақсаттарға қол созған текті ұланның арманшыл аты да, өршіл болмысты заты да соған сай болатын. Өзі сол таудай асқар да асқақ еді, сырбаз да салмақты еді, көрікті де көркем еді, мәрт те мінезді еді. Сол аласармаған асқақ қалпында тауға айналған ол қойнауынан қазынасын да толық ақтара алмастан, жайнаған жиырма сегізінші ғана маусымында қол жетпес көкке қарай мұнартып кете барды…
Жеңіл қоңыр күрте-шалбар киген, қылдай қара галстук таққан, өзім сияқты дударбас, қою қастары әдемі түйіскен, жібек мұртты, жұқалтаң жүзді жезқазғандық жігіт Мақсұт Дүйсековпен тұп-тура оқуға түскен 1988 жылдың 3 тамызы күні танысып едім. Ақадал көңіл мен ақжарма тілектеріміз тығыз тоқайласып, алғашқы күндерден-ақ бір-бірімізге етене бауыр басып кеттік. Өзі мектепті тәмамдаған жылы КазПИ-ге барып, бағын сәтсіздеу сынап, еліне оралғасын, арман еткен журналистік жолын аудандық «Ұлытау өңірі» газетінде әскерге кеткенге дейін бастап қойыпты. КазГУ-дің журфагын да бір дипломатқа нығыздай толтырған мақаласымен келіп, «жаулаған». Жинақтаған тәжірибесімен-ақ жазуға жүйрік журналист болып үлгергендігін айтпағанда, қолтаңбасы қалыптасқан ақындығы мен жазушылығы, оның ішінде әзіл-сықаққа жақындығы, суретшілігі мен әншілігі оны ортамызда әрдайым дараландырып тұрар еді…
Бірде досымды көз алдымызда періштесінің анық қаққаны есте. Мақайдың бөлмесінде үш-төртеуіміз шұрқырасып отыр едік. Көрші қыздардың бірі келіп, өздерінің электр розеткасы істемейтінін айтып, шәй қайнатып алуға рұқсат сұраған. Келісім алған қыз шәйнегін әкелгенше, өз бөлмесінің де бір розеткасында ток жоқ екеніне нық сенімді Мақай аяқастынан үйреншікті «фокусын» ойластыра қойды… Әр қимылына «қисынды» комментарий жасай отырып, «шаруасы біткен» шнурдың вилкасын розеткаға қосып қойып, шәйнекке жалғанатын ұшындағы жалаңаш сымдардың бірін құлағына тығып, енді біреуін аузына апара бергенде, шыңғырып жіберген қыз онысына үзілді-кесілді қарсы болды. Ақыры, қарындастың қарсылығына зорға көнсе де, оның бөлмеде ұзағырақ бөгеле тұрғанын қалады ма, «фокусын» әдейі жалғастырып, тогы жоқ сымдарды шәйнекке жорта қосып қойды. Артынша, шәйі түскір… ызыңдап сала бергенде, Мақайымыздың көздері атыздай болған. Әттең деймін, сол жолы жазатайым жазымнан қорғап қалған періштесі кейінгі бір жаздың кешінде сәл сәтке қалғып кетті ме екен?.. …
Талай рет куә болғанымыздай, Мақсұт суда тамаша жүзетін. Дәл сол күні ол апта сайынғы жұмысын ағайынның амандығына, бауырдың бүтіндігіне, елдің бірлігіне арнайтын хабарын эфирге әзірлеп болып, көрермендермен қимай қоштасқан соң, бірнеше әріптесімен бірге жаздың аптап ыстығынан бой сергітіп, суда жүзіп қайту үшін қала сыртындағы Кеңгір су қоймасының маңына бет түзейді… Сол бір қайғылы хабардан қабырғамыз қайысқан шақта телеарнада Мақсұтпен әріптес болған белгілі журналист Базаркүл Үмбетова қарындасымыздың толғанысы баршамызды еңірете егілдіріп еді: «Ең соңғы хабарыңды «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп ұлы Абайдың сөзімен бастағаныңда, сол сөзді аузыңа Жаратушы ием салды ма екен? Әншейінде, жарқылдап отыратын жүзің де мұңдылау кейіпке енгенін қалайша сезбедік біз? Сен бізбен хабар арқылы ғана қоштасып едің ғой. Хабардың шымылдығын ғана емес, мына пәни жалғанның есігін мәңгілікке жауып кетеріңді сезіппіз бе? Өз алдыңа түтін түтетіп, шаңырақ көтеріп үлгермесең де, артыңда із болып қалар перзентің болмаса да, жарыңдай аялап, сәбиіңдей өбектеген, ақ қағазға өрнектеген, әзіл шақырып отырып ойлантатын әңгімелерің, Жер – Ананың мұңын, жаралы табиғаттың сырын арқау етіп, көпшілікті толғантқан хабарың, жұма сайын көрерменді ізгілікке, имандылыққа үндеп, жарқ еткен жанарың сан көңілде жатталып қалған шығар-ау. Сонау Алатаудың баурайынан анаңның жанына жалау боламын деп, Ұлытауға оралып едің. Кемшілікке жаның төзбей, ана тілімізге, салт-дәстүр мен дінімізге қамқоршы боламын деп, қаламмен қайрат қылармын деп шарқ ұрдың. Амал қанша? Өзіңе өмір сыйлап, жарық дүниеге әкелген анаңның құшағынан айырып, Жер – Ана сені құшағына алды, Ұлытау бабаң бауырына салды сені, Мақсұт. Арманың қандай көп еді. «Өмір – өзен» демекші, өзенге ажал емес, арман шақырған шығар сені. Арманыңның алыс жағалауына жүзіп жетемін дедің бе екен, арамызға қайта оралмасыңды сездің бе екен, қайран бауырымыз»…
…Соңғы сәтінде жанында болған жолдастарының бірі оның суға шомылатын шолақ шалбарының желкендей желбіреп тұрғанын айтып, қалжыңдапты. Сонда су бетіне ойлана көз тастап тұрған ол: «Жай желкен емес, алыс сапарға аттанатын кеменің желкені!» – деп, әзілдепті. Бұл оның қапылыстан кеп қалған келместің кемесіне мінерін сезгендей айтқан ақтық сөзі екенін кім білді екен?…
Серікқали МҰҚАШЕВ.
(Ықшамдалып алынды)