Тергеу аяқталғанға дейін шахтада жұмыс тоқтатылды

Өткен апта Ұлытау облысының жұртшылығы үшін қайғылы оқиғамен аяқталды. «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Жомарт» кенішінде төтенше жағдай орын алып, жеті бірдей кенші жер астында қаза тапты. Осы қайғылы оқиғаға орай Премьер-министр Олжас БЕКТЕНОВТІҢ тапсырмасы бойынша төтенше жағдай орнында вице-премьер Қанат БОЗЫМБАЕВТЫҢ басшылығымен арнайы үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр.

Комиссия құрамында Ұлытау облысының əкімі Дастан Рыспеков, ТЖ министрі Шыңғыс Əрінов, ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Əленов, еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмəди Сарбасов, денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев, өнеркəсіп жəне құрылыс вице-министрі Иран Шархан, ҚР ТЖМ Өнеркəсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының міндетін атқарушы Рашид Дубаев бар.
Оқиға орнында ТЖ қызметі, ІІМ жəне Өнеркəсіптік қауіпсіздік комитетінің шұғыл тергеу тобы, сондай-ақ Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігі мен Өнеркəсіп жəне құрылыс министрлігінің қызметкерлері жұмыс істеуде. Олар оқиға орнында болып, тергеу барысымен танысты. Қаза тапқандардың отбасыларына бірінші кезекте көмек көрсету жөнінде тапсырма берілді.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басшылығымен кеңес өткізді. «Қазақмыс» қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті қаржылық көмек көрсетіп, сондай-ақ олардың несие қарыздарын өтейді.
«Қаза тапқандардың ғана емес, олардың отбасы мүшелерінің де қарыздары мен несиелерін өтеу қалыпты жағдай. Сіздер отбасылардың жағдайын мұқият саралап, балаларды, оның ішінде кəмелетке толмағандарды оқытуға кететін шығындарды жабуларыңыз керек», – деді Қанат Бозымбаев.
Ал республикалық бюджеттен асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік жəрдемақы, сақтандыру төлемдері қарастырылған жəне жерлеу шығындары өтеледі. Вице-премьер төлемдерді кешіктірмеуді тапсырды. Тиісті тергеулерден кейін шахтада «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-де келісімшарттық міндеттемелер қайта қаралатын болады.
«Тергеу оның қауіпті немесе қауіпсіздігін көрсетпейінше, шахтадағы жұмысты қайта бастау туралы ойламаңыз. Жүйе мен тəсілдерді түбегейлі өзгерту қажет, біз мемлекет тарапынан оларды қатайтатын боламыз. Өнеркəсіптік қауіпсіздік комитеті құрылды, біз заңнаманы өзгертеміз. Қазір Парламентте тиісті заң жобасы қаралуда, осы заң жобасы шеңберінде Төтенше жағдайлар министрлігіне қосымша өкілеттіктер берілетін болады. Мұндай жазатайым оқиғаларды алдын алу үшін біз бар күшімізді саламыз. Мемлекет басшысы тергеуді мұқият жүргізуді тапсырды. Бұл құқық қорғау органдарының сараптамалары, өнеркəсіптік қауіпсіздік комитетінің тергеуі, сондай-ақ сіздің еңбек инспекторларыңыздың тексерулері. Сіздің міндетіңіз – осы төтенше жағдайға кімнің жол бергенін анықтау», — деді Қанат Бозымбаев компания басшылығына.
Орайы келгенде айта кетейік, Ұлытау облысындағы кен орнында болған төтенше жағдайға байланысты «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Аманкелді АҚШАЛ.