Суағарлар тазаланды
Көктемдегі су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВТЫҢ тапсырмасына сәйкес, аудан орталығындағы суағарлар қар мен қоқыстан толықтай тазартылды.
Ортақ мүдделі іске арнайы бекітілген бөлініс кесте бойынша аудандағы барлық мекеме-кәсіпорындар мен мемлекеттік бөлімдер қызметкерлері қатысты. Соның нәтижесінде суағарлардың көшкін суды өткізу мүмкіндігі талап деңгейіне жеткізілді.
Мұнымен қоса, арнайы техникалар жұмылдырылып, Абай, Асатов, Бұлқышев, Аманкелді көшелері бойында жиналған қар сыртқары аумаққа шығарылды.
– Ұтымды жоспар бәтуалы шаруаның атқарылуына негіз қалады. Соның нәтижесінде қар қарқынды еріп, нөсер жаңбыр жауа қалған жағдайда көшелерде су басу қаупі сейілді, – дейді Ұлытау ауылдық округінің әкімі Талғат Әбжаппаров.
Өз тілшімізден.