Дайындық деңгейін бағамдады
Аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ аудан орталығын аралап, тиісті құзырлы органдардың алдағы су тасқынының қатерін сейілтуге қатысты жүргізіп жатқан дайындық жұмыстарының деңгейін бағамдады. Сапар қорытындысында салалық мекемелер басшыларына істі ілкімді ұйымдастыруға байланысты нақты тапсырмалар берді.
Ауданда көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары бекітілген жоспарға сәйкес, мерзімінде жүргізіліп жатыр. Оған барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар жұмылдырылуда.
Осы бағыттағы жұмыстардың жай-күйі хақында аудан әкіміне Ұлытау ауылдық округінің әкімі Талғат Әбжаппаров баяндап берді. Аудан басшысы, сонымен қатар, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Нұрбек Сабағанов хабарламасына құлақ түрді.
Басқа жұмыстардан бөлек, қазіргі таңда ауыл іргесіндегі өзеннің мұзы арнайы құралмен кесіліп, суағар өзекшелер жасалуда. Көпір бойындағы мұздар толық ойылған. Су тасқыны қауіп төндіруі мүмкін аумақтар тиісті мекемелердің тұрақты бақылауында.
Жасұлан АЯШЕВ