Мал ұрлығы: себеп пен салдар
«Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» дейтін қазақтың сол жанының садақасы үшін беретін малы қалмайтын сыңайлы ғой, мына түрмен. Өйткені, қазір қай өңірде болмасын мал ұрлығы өршіп бара жатыр. Оған еш нәрсе тосқауыл бола алмайтындай. Заңды да өзгертті. Жазаны да қатайтты. Бірақ, бүгінгінің «барымташылары» одан ығатын емес.
Бүгінде елімізде мал ұрлығы қылмыстық кәсіпке айналып барады. Күз түсісімен «қызатын» осы кәсіптің иелері сақадай сайланып, сай-саланы торып, елдің шетке шыққан малдарын қағып кетіп жатыр. Бұл қылмыс әсіресе ауылдарда өршіп тұр. Халқымыздың 42 пайызға жуығы ауылда тұрады десек, сол ауылдықтардың өмірі малмен байланысты. Елдің тұрмыс-тіршілігі төрт түлікте. Әне бір жылдардағыдай емес, ауылдағы ағайындардың қорасындағы іріліұсақты малдың басы құралып қалып еді. Сол малға сұғынған сұғанақтардың әрекеті елдің берекесін кетіруде. Ұрланған үйір-үйір жылқы мен табын-табын ірі қара елдің жанына ауыр батады. Бұл проблема баршаға мәлім. Тергеу практикасын зерделеу мал ұрлығының қылмыстық кәсіпке айналғанын көрсетіп отыр. Оны ұйымдастыратын, орындайтын, сатып алатын, жүк таситын, базарда өткізетін қылмыстық топтар қалыптасқан деген де пікірлер айтылып қалып жүр…
ЕҢ ЖОҒАРҒЫ ЖАЗА – 12 ЖЫЛ
Мемлекет басшысы өткен жылдың соңында әлеуметтік сақтандыру, атаулы әлеуметтік көмек, педагог мәртебесі, мал ұрлағандар мен мас күйінде көлік жүргізгендерге қатысты бірнеше заңға қол қойды. Соның ішінде, бұдан былай мал ұрлығы ауыр қылмыс санатына қосылды. Заңда ол қылмыстық топтың құрамы мен көлеміне қарай жаза белгіленген. Мәселен, жай құрам үшін – 5 жыл, егер адам тобымен алдын ала сөз байласумен ірі мөлшерде ұрлық болса – 7 жылға дейін, бірнеше рет бұзып кіргені үшін – 10 жыл, аса ірі көлемде және қылмыстық топ болып ұрлық жасаса – 12 жыл бас бостандығынан айыру көзделген. Тағы бір айта кететін жайт, заңға енген өзгерістерге сәйкес мұндай жағдайда екі жақтың ымыраға келуі арқылы да қылмыстық іс тоқтатылмайтын болды.
Орайы келгенде айта кетейін, көптеген елдер қоғам мен экономика үшін маңызды нысандарға қол сұғу қылмысына арнайы баптар арнаған. Ол баптар неғұрлым қатаң жазаларды көздейді. Мысалы, Германияда электр тасымалдау тапшылығы мен қымбаттығына байланысты электр қуатын ұрлағаны үшін жеке жауапкершілік қарастырылған. Қытайда тарихи жәдігерлерді ұрлау мен сыртқа шығару қатаң жазаланады. Ал ет өндірісі маңызды сала болып саналатын Аргентинада мал ұрлығына жеке әрі ауыр жаза қаралған. Амандасқанда да «мал-жан аман ба?» деп хал сұрасатын біздің халқымыз үшін де төрт түліктің орны ерекше. Жаңа заң да елдің малын қорғау үшін, халықтың берекесін сақтау үшін қабылданып отыр. Десек те, мал ұрлығы ауылдық жерде әлі күнге өзекті мәселе күйінде қалып отыр.
ҰРЛЫҚ НЕГЕ ӨРШІП ТҰР?
Осы сауалға жауап іздеп біз Ұлытау аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Еркебұлан Байзақовқа хабарласқан едік. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 9 айында Ұлытау аудандық полиция бөлімінде тіркелген жалпы қылмыстардың саны 64/58 құрайды екен. Бұл былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 7 фактіге өскен. Оның ішінде ауыр санатты қылмыстардың саны – 10 (былтырғы жылдың осы мерзімінде – 6 қылмыс тіркелген), ал аса ауыр қылмысы бойынша – 1 факт (былтыр – 1 қылмыс) тіркеліп, жалпы ауыр санатына жататын бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарын ашу, пәтер ұрлығын ашу деңгейі 100 пайызды құрап отыр.
– Өткен кезеңінде мал ұрлығы – 36,4 пайызға (11-ден 7-ге дейін) төмендегенімен бұл мәселе әлі де өзекті болып отыр. Талдау жүргізу барысында қылмыстардың басым бөлігі бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстары болып отыр. Статистикаға сәйкес, қылмыстардың 50 пайызы осы бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарына келетіні жасырын емес.
Бірақ, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылдың 9 ай көлемінде жеңіл дәрежедегі қылмыстардың ашылу деңгейі 87,5 пайыз (былтыр 100 пайыз құраған), орта дәрежедегі қылмыстар санатына жататын қылмыстың ашылу пайызы 58,3 (былтырғы жылы 64,5 пайыз), ал ауыр санатына жататын қылмыстарды ашу деңгейі 85,7 пайыз (былтыр 66,7 пайыз) болды. Ал аса ауыр қылмыстардың ашылу денгейі былтырғы жылмен салыстырып қарағанда 100 пайыз құрады. Бұл жұмыстардың бәрі аудандық полиция бөлімі қызметкерлері мен аудан әкімдігі және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп атқарылған жұмыстардың нәтижесі. Осы мерзім ішінде ауданда қылмыстың алдын алуда бірқатар профилактикалық іс-шаралар жүргізілді. Атап айтқанда «Браконьер», «Скотокрад», «Участок», «Қара Сора» профилактиқалық іс-шаралары өткізіліп, бекеттер қойылып, түнгі іздеу топтары құрылып бірқатар жұмыстар атқарылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табуда, – дейді Еркебұлан Нұрбалаұлы.
Аудандық полиция бөлімі бастығының айтуынша, тұрғындарының тікелей көмегінсіз бөтеннің мүлкін тонау қылмыстарын бір жүйеге келтіру мүмкін емес. Мал ұрлығы қылмысының тіркелуі біршама төмендегенімен, бұл бағыттағы жұмыстар Ұлытау аудандық полиция бөлімі қызметкерлері үшін өзекті мәселенің бірі болып қала бермек. Оған себеп, тұрғындардың өз мүлкіне, малына жүрдім-бардым қарауы.
– Тәжірибеге сүйенер болсақ, ұрланған малдың басым бөлігі жайылымдық жерлерден қолды болатыны белгілі. Мал иелері өздерінің малдарын қараусыз қалдырып, ұзақ мерзім өткеннен кейін ғана іздей бастайды. Жоғалған малдардың түр-түсін білмейді. Малдарының қашан, қалай жоғалғанын нақтылы айтып бере алмайды. Алдымен өздері іздеп, кейін арада біршама күндер, кейде бірнеше айлар өткеннен кейін ғана малының жоғалғанын айтып полицияға арызданады. Бұл өз кезегінде полиция қызмектерлеріне қылмыстың ізін-суытпай ашуға қиындық тудыратыны жасырын емес. Қылмыскерлер тарапынан қылмыс іздерін жасыруға мүмкіншілік етеді.
Мал иелерінің малдарын көктемде жайылымға жіберіп, қара күз түскенше қарамайтын кездерін де білеміз. Сондықтан да біз аудандық әкімдікпен бірлесіп мал бақтыру, малды қараусыз жібермеу бойынша үнемі жұмыстар жүргізіп келеміз. Өкінішке орай, одан ешқандай нәтиже шықпай отыр, – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы.
ӨЗ МҮЛКІҢЕ МЫҒЫМ БОЛ
«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дейді атаң қазақ. Қараусыз дүние, бағусыз малға ұры-қары да үйір келеді. Сондықтан әр кім өзінің малына, мүлкіне мығым болғаны да жөн-ау. Бұл бағытта Үкімет мал басын бірдейлендіру, сырғалау, құжаттандыру мәселесін босқа көтеріп отырған жоқ. Өркениетті елдердің иті мен мысығына дейін құжат алған. Алда-жылда жоғалып жатса тез табуға оның да пайдасы ұшан-теңіз. Ал, біз ақ адал малымызды сақтайтын шараға салғырт қараймыз. «Салық салады» деп айдаладан үркіп жүреміз. Аудандық полиция бөлімінің бастығы Еркебұлан Байзақов та бұл мәселені қынжыла отырып айтты.
– Тағы да бір айта кететін мәселе, малдарды таңбалау, чиптеу екені жасырын емес. Кей уақытта мал иелері мал құжаттарының толық болмауына байланысты полицияға шағымданғанда өз малдары екенін құжат арқылы дәлелдей алмайтын кездері де кездесіп жатады. Осыған орай, өз мүліктеріне, малдарына немқұрайлы қарамауларын сұраймыз. Халықпен кездесулерде, есеп беру жиындарында шаруа қожалығының иегерлеріне, орталықтағы тұрғындарға төрт түліктеріңізді ұялы телефондарыңызға түсіріп, сақтап қойыңыздар, келешекте жоғалған, немесе ұрланған жағдайда көмегін тигізеді дегенді де айтып отырамыз, – дейді Еркебұлан Нұрбалаұлы.
Әрине, басында ұрланған, жоғалған деген малдардың бәрі із-түзсіз кетіп жатқан жоқ. Біраз уақыттан кейін табылғаны да бар, немесе өлекселері табылған деректер де кездеседі. Асылы, қолдағы малдың қора маңында жүргеніне не жетсін.
ТҮЙІН
Қора маңы дегеннен шығады, Ұлытау ауданы бойынша қазіргі таңда барлығы бір мың екі жүзге жуық қыстақтар тіркелген екен. Қожалық иелерінің бәрі бұрынғы малшылар сияқты жаз жайлау, күз күздеуде жүрмейді. Жыл он екі ай бойы осы қыстауда отырады. Ал, аяқты мал шұрайлы шөп, тұнық су іздеп шарлап кетеді. Оны әлсін-әлсін қарап тұруға шаруагердің қолы қысқа. Яғни, мүмкіндігі жоқ. Шөбін шабатын да, малын бағатын да, өнімін сататын да өзі. Осындайда дала малы саналатын жылқы мен сиыр ауыл қарасын айлап барып көріп жататыны да жасырын емес.
Малдың қолды болуына кейде қожалықтың малшылары да «қолұшын» беретіні бар. Бұл мәселе де шаруа қожалығының иегерлеріне айтылып, ескертілмей жүрген жоқ.
– Шаруа қожалық иелері Жезқазған, Сәтбаев және басқа қалалардан, аудандардан жұмыскерлер әкеліп жатады. Олардың көбінің құжаттары жоқ. Арасында ішімдікке салынған, бұрын сотты болған адамдардың бар екені де мәлім. Солардың арасында қылмыстан бой тасалап жүрген, келешекте әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасайтын адамдар шығуы мумкін екенінін әркез ескертеміз. Кейбір өңірлерде сондай жандар фермердің малын сатып жіберіп, қашып кеткендері де болғанын айтып отырамыз. Сақтыққа шақырамыз, – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы әңгімесін түйіндей келіп.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.