Баба мұрасы — ұрпақ еншісі
«Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі», – деген ұлы адамдар. Қазақ халқының ұлттық киімдерінің түрі де, үлгісі де ерекше. Оның көркем үлгілері әлемнің этнографиялық мұражайлары мен көрмелерінен орын алған. Ұлт мәдениетінде бағалы киімдер сый-сыяпат, дипломатиялық қатынастарда ескерткіш, белгі ретінде жүреді.
Қазақтың ұлттық киімдері заманға сай түрленіп, қазақы сән үлгісіне күн сайын сұраныс артып келеді. Оның даму тарихы еліміздің мәдениетімен, ұлттық салт-дәстүрімізбен тығыз байланысты. Әр халық үшін өзінің болмыс-бітімін айқындайтын ұлттық киімдерін ұлықтай білу маңызды.
Ата-бабамыздан жалғасқан ұлттық дәстүрлерімізді құрметтеу болашақ ұрпаққа артылған міндет. Бүгінге жеткен ұлттық киім үлгілерімізді сақтап, келешек ұрпаққа аманаттау – міндетіміз. Осы орайда Наурыз мейрамы қарсаңында ауылдағы «Балбұлақ» балалар бақшасының ұжымы «Мерекеде – ұлттық киіммен!» челленджін бастады. Оны №17 орта мектептің оқушылары мен ұстаздары іліп әкетті. Қазір барлық оқушылар мен ұстаздар сабаққа ұлттық киіммен келіп жүр.
Келешекте біз ұлттық киімнің бір элементін мектеп формасына енгізуге күш салатын боламыз. Челлендж ауыл клубының ұжымына жолданды.
Мираш ШАЙХИНА,
әлеуметтік педагог.
БАЙҚОҢЫР ауылы.