Дайындық жұмыстары – жинақы

Көктемгі су тасқынына байланысты алдын алу шараларын ұйымдастыру мақсатында құрылған комиссия құрамындағы аудан әкімі аппаратының азаматтық қорғаныс қызметі, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық полиция бөлімі, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекция бөлімі мамандарынан жасақталған топ аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВТЫҢ тапсырмасымен Борсеңгір, Сарысу ауылдарында болды.

Сапар барысында іргелес жатқан қос ауылдың су тасқынына дайындық жұмыстары сарапталып, шұғыл атқарылуы тиіс шаралар тізбегі пысықталды. Сондай-ақ, су тасқыны белең ала қалған жағдайда тұрғындарды көшіру шарттылықтары мен уақытша орналастыру мүмкіндіктері қарастырылып, бекітілді. Жауапты кезеңге әзір болуға қатысты ауылдық округтер әкімдері мен тұрғындарға кеңес беріліп, жадынамалар таратылды. Оқыс оқиғалар орын алған жағдайда тиісті техникаларды ұтымды жұмылдыру туралы тапсырмалар берілді.

Су тасқынының алдын алу жұмыстарын орнықты жүргізуге байланысты Борсеңгір ауылына 400 литр жанар-жағармай, 200 дана құм толтыруға арналған қап берілді. Ал, Сарысу ауылы 400 литр жанар-жағармай, 400 литр дизель отыны мен 500 дана қап алды.

Қазіргі таңда аталған екі ауылда тасқыннан сақтану тәсілдері толық қарастырылған. Көше бойларындағы суағарлар қардан тазартылған.

Ауданға қарасты ауылдардағы осы бағыттағы жұмыстар – аудан әкімінің жіті бақылауында. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері де бұл мәселені қатаң қадағалауда ұстап отыр.

Жасұлан АЯШЕВ