Судан кідіріс болмайды
Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Үкімет түрлі бағдарламалар жасап, ел оның игілігін көруде. Міне, сол бағдарламаның бірі – «Ақ бұлақтың» арқасында Аманкелді ауылындағы су желілері де бір жаңғырып қалған еді, кезінде. Әйтсе де, сол кездегі мердігерлердің жұмысының жүйесіздігінен ауылда ауыз су әр үйге кірмей, ел суды сырттан тасып ішіп отыр. Аманкелдіде елге су жеткізіп тұрған сондай 8 колонка бар.
– Халық қыста ауыз судан тарықпас үшін, оған бүгіннен негіз қаладық. Құбырлар жөнделіп, су мұнарасы жаңғыртылды. Мұнараның сырты арнайы изоляциялық материалмен оралып, жылтыр қаңылтырмен қапталды. Сондай-ақ, сусорғы орналасқан жертөле де жөнделіп, шатырланды. Енді оған тамшы тамып, қар кіруі мүмкін емес. Бұл, жертөледегі сусорғы мен электр желілерінің істен шығу қаупінің алдын алады, – дейді ауыл әкімі.
Ол сондай-ақ келер жылы ауылдағы көкжелектерді суару мен елдің бақша егуіне жағдай жасау үшін «Кененбай» тоғанынан арнайы су жіберілетінін де айтып өтті. Бұл бұрнағы жылдары да тәжірибеде бар болатын. Тек, тоғанды «Қазақмыс» корпорациясы иелігіне алған кезде су ағатын шлюзді жауып тастаған еді. Тоған қайтадан ауылдық округтің балансына берілгеннен кейін, бұл жүйе қайтып іске қосылатын болды.
– Осы үшін арнайы қаржы сұрап, құжаттарын рәсімдемек болғанбыз. Бірақ, кейбір құзырлы орындардың салғырттығынан құжат мерзімінен кешігіп қалды. Енді аудан әкімі оның басқа жолын қарастырып отыр. Негізі, бұл жұмыс өз шешімін табады. Жылына екі мезгіл, көктем мен күзде тоғаннан артық су сыртқа ағызылып, жазда ауыл сыртымен су ағып жататын болады. Бұл мал суаруға да, бақша егуге де тиімді болмақ, – дейді Ноян Жеңсікбаев.