Аудан әкімі нақты тапсырмалар берді

Аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВТЫҢ төрағалығымен ZOOM платформасында өткен жиында көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарының жай-күйі мен республикалық, облыстық және аудандық дәрежедегі жолдарды күтіп ұстау мәселесі талқыға түсті.  Оған кенттер, ауылдық округтер әкімдері, тиісті мекемелер мен салалық бөлімдердің басшылары қатысты.

Алғашқы сауал бойынша аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім басшысы Нұрбек Сабағанов хабарлама жасады.

— Аудан әкімінің өкімімен су тасқыны кезеңінде халықты және аумақты қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Соған сәйкес, төтенше жағдай кезінде елді мекендер тұрғындарын жедел хабардар ету үшін 15 дана дауысзорайтқыш құралын Ұлытау, Жезді және Қарсақбай кенттеріне беру қарастырылуда. Жалпы аудан аумағындағы көлік жолдары бойында 23 көпір, 409 суағар орналасқан. Бүгінгі күні елді мекендерден көлемі 19 950 текшеметрді құрайтын қар сыртқа шығарылды. Бұл жұмыс әлі де жалғасады. Халықты төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етуге үйрету мақсатында интернет ресурстары кеңінен қолданылуда, үйлерді аралап кеңес беру тәсілімен 449 тұрғын үй қамтылып, 2 377 жадынама таратылды, – деді бөлім басшысы.

Бұдан кейін аудан әкімі аппаратының азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және жұмылдыру жұмысы жөніндегі бас инспекторы Қайрат Далабаевтың хабарламасы тыңдалды.

«Су басу қаупі бар Жезді, Қарсақбай кенттері мен Сарысу, Қаракеңгір, Борсеңгір ауылдарындағы 102 үй – күнделікті бақылауда. Аудан бойынша 270 тонна инертті материалдар қоры, қажетті жағдайда іске тартылатын 38 бірлік ауыр техника, 54 бірлік жеңіл техника, 10 мотопомпа бар. 3 000 дана қап, 8 000 литр жанар-жағармай (4000 литр бензин, 4000 литр дизель отыны) таратылды. Сарысу, Қаракеңгір өзендерінде су деңгейі әзірше бірқалыпты», – деді Қайрат Нариманұлы өз хабарламасында.
Аудан әкімі су қаупі бар ауылдар әкімдеріне дайындық жұмыстарын әлі де пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ, өзінің орынбасарларына осы бағыттағы әрекеттерді ширатып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайын қадап айтты.
Екінші мәселе бойыша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Болатбек Есназаров ақпарат берді.
Советбек Тұрсынұлы маңызы ерекше осы мәселеге қатысты тиісті жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

Жасұлан АЯШЕВ