ЕКІ ЕЛ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ өңіріміздің өрістеуіне оң ықпал етеді

Ұлытау облысының әкімдігі Корея Республикасынан келген делегацияны қабылдады. Кездесу барысында екі жақты серіктестікті дамыту және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Өңір басшысы өз кезегінде елімізде инвесторларға бірқатар мемлекеттік қолдау шаралары бар екендігін атап өтті.

«Бүгінгі кездесу – аймақаралық байланыстарды нығайту мен өзара тиімді ынтымақтастыққа алғашқы қадам. Корея – әлемдегі экономикалық және технологиялық тұрғыдан дамыған елдердің бірі, сол себепті біз бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындар арасында сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға ыстық ықыласымызды білдіреміз», – деді кездесуде Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков.

Asia Holding компаниясының басқарушы директоры Kim Do Yun Қазақстанның инвестициялық әлеуетіне жоғары баға беріп, Ұлытау облысының табиғи байлықтары, атап айтқанда, марганец, қорғасын, мыс, көмір және құрылыс материалдары өндірісіне арналған шикізат туралы айтты.

Жиында кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы аймақтың инвестициялық мүмкіндіктері туралы толық ақпарат берді. Ғазиз Төлеуов өңірде жаңа өндіріс орындарын ашу, геологиялық кластерлер құру және транспорттық-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылатынын айтты.

Кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасып, екі тарап ынтымақтастықтың маңызды бағыттарын талқылады. Кореялық Asia Holding компаниясының өкілдері мыс шикізатынан дайын өнім дайындайтын және экспортқа шығаратын кәсіпорын ашуға қызығушылық танытты.

Ұлытау облысының әкімі сөзін аяқтай келе, бұл кездесу екі ел арасындағы байланысты нығайтуға және жаңа серіктестік жобаларды жүзеге асыруға септігін тигізетінін атап өтті.

Кездесуден кейін делегация Жезқазған мыс қорыту зауытында болып, ішкі өнімнің дайындалу процесімен танысты. Зауыттағы өндіріс көлемі мен экспорттық мүмкіндіктер Корея тарапының ерекше қызығушылығын тудырды.