Құрметті Сағындық Үсенұлы!
Сізді мерейлі жас – 80-нің сеңгіріне шыққан қуанышыңызбен өзіңізді үлкен жолға ақ батасын беріп аттандырған Ұлт ұясы – Ұлытау жұртшылығының және жеке өз атымнан шынайы пейілмен құттықтаймын!
Хакім Абайдың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген тағылымды тәмсілі бүгінгі жеткен жасыңызға дейін кешкен ғұмыр мен сол аралықта әр салада тиянақты тындырған һәм алуан қырлы берекелі істеріңіздің қайнар бастауы іспетті. Өнегеңіздің өрісті болуы – осы тұжырымның дау тудырмас айғағы. Өзіңізге қарап бой түзеген өскелең буынның санасында елжандылық ұстанымның берік орнығып, ұлт мүддесін ойлап тұруына дәнекерлік етері күмәнсіз.
Еңбекке ерте араласып, сан сынақтан сүрінбей өткеніңіз – табиғи таным-өре биіктігінің өлшемі. Ұлытау аудандық газеті мен облыстық басылым беттерінде қолтаңбаңыз қалды. Журналистердің кейінгі буыны Сізді тәлімгер-ұстаз санауы – заңдылық.
Мемлекеттік қызметте мерейлі болғаныңыз қалың қауымға аян. Облыс басшылығы құрамында жауапты қызметтер атқарған кезеңде ұлағатты ұстанымдарыңыз айқын көрініс берді. Білім беру, мұрағат саласындағы, Ана тілі мәселесіндегі, жиынтықтай келсек, жалпы руханиятқа қатысты қарымды қарекеттеріңіз – бүгінгі таңдағы бәтуалы қадамдардың мызғымас іргетасы.
Жерлестеріңіз Сізді өлкетану ісіндегі бітімі бөлек қайраткер ретінде танып, мойындайды. Қарымы ерек қаламыңыздан туған тартымды тарихи-танымдық мақалаларыңыз, туған өлке тарихы мен тұлғалы ұландары хақында ой толғайтын құнды кітаптарыңыз – сан буынның қажетін өтер дүниелер.
Мерейлі сәтте Сізге мықты денсаулық, табыс тілеймін.
Еңселі күйде ғасыр белесінен көріну нәсібі бұйырсын!
Зор құрметпен,
Советбек МЕДЕБАЕВ,
Ұлытау ауданының әкімі.