Бабыр би атындағы бәсеке
Күні кеше Сарлық ауылында волейболдан Бабыр би атындағы турнир екінші рет жалауын желбіретті. Бұл жолғы аудандық турнир Ұлытау ауданының 85 жылдығына арналды. Аталған шараға аудандық дене шынықтыру жəне спорт бөлімі қолдау көрсетіп, турнирді Бабыр би ұрпақтары ұйымдастырды. Айтулы додаға аудан аумағынан 10 команда қатысып, ымыра-бірлікпен мəдениетті ойын көрсетті. Ұзақ күнге созылған тартысты бəсекеде волейболшылар аудандық турнирдің бəсін арттырды.
Айта кетейік, Бабыр Бөкеншіұлы Ұлытау өңірінің батыс беткейінде 1770-1864 жылдары өмір сүрген белгілі тұлға. Бағаналының төрт босағасының бірі атанған əділ би, батыр, көріпкел, болыс болған адам. Ел сенімін арқалаған Бабыр би Қызылтаз – Ибессі – Жұртшы болыстығына 1832 жылы сайланып, 1858 жылға дейін болыс болған. Сол заманның өзінде Бабыр би бірлікті, əділдікті ту еткен кісі. Қоғамдағы орын алған əлеуметтік мəселелерді шешуге белсене араласқан тұлға. Елдегі арыз-шағымдардың, дау-дамайлардың ақ-қарасын ажыратып, ақиқатын айтуда беделі үлкен төреші болған. Осыны негізге алып, Бабыр би ұрпақтары өздері де баба жолымен жүруді ниет етіп, бірліктің шынайы үлгісін танытты. Шараға Жезқазған-Ұлытау аймағындағы ұрпақтары ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен Бабыр би ұрпақтары келіп, турнирдің өз мəнінде өтуіне атсалысты. Турнирді ұйымдастыру жəне өткізілу шығынын өздері көтерді. Бұлардан бөлек, Бабыр би мекен еткен жерде шаруа қожалығын құрған Сарлық ауылының тумасы Бақытжан Əбілғазин де демеушілік жасапты. Бұл үлгі аларлық үрдіс. Заманның нарқын емес, сөздің парқын түсінген мəрт азаматқа Бабыр би ұрпақтары риза болысты. Бұл жолы да турнир əдеттегідей Қазақстан Республикасының Əнұраны ойналуымен ашылды. Алдымен, аудандық дене шынықтыру жəне спорт бөлімінің басшысы Марат Оразалин сөз сөйледі.
– Дені сау ұлт бəсекеге қабілетті болады. Бүгінде бұқаралық спорт түрімен айналысуға ауданда мол мүмкіндік бар. Осындай спорттық шаралар салауатты өмір салтын ұстануға ауыл жастарын жаңа белестерді бағындыруына тигізер септігі зор. Келесі жылы бұл шараның ауқымы бұдан да кеңейе түспек, – деді аудандық спорт бөлімінің басшысы.
Аманкелді ауылдық округінің əкімі Бұқар Байжантаев та Бабыр би атындағы турнир бүгінде аудандағы шоқтығы биік волейбол бəсекелерінің біріне айналғандығын атап өтті. Бұдан кейін Бабыр би ұрпақтары атынан Темірбай ақсақал, сонымен бірге Қарағанды облысы бойынша Кекушинкай каратэ федерациясының директоры, екі дүркін əлем чемпионы, халықаралық деңгейдегі спорт шебері Тимур Райымбеков пен іс-шараны ұйымдастырушы Қанат Байсалбеков сөз сөйлеп, спортшыларға сəттілік тіледі.
Жарысқа спорт мамандары Нұрлан Айтбаев пен Алмат Қайырбек төрешілік етті. Бəсеке алаңында ойын тəртібі мұқият сақталды. Бақ сынасқан командалар жоғары деңгейде өнер көрсете білді. Ойында ала допты алақанда ойнатқан волейболшылар қызықты, əрі тартысты ойын көрсетіп, жанкүйерлерді еліктірер қызықты сəттері де көп болды. Сайыста қай команданың болсын, жеңіске деген жігері айқын аңғарылып тұрды. Десек те, бəсекеде бір тараптың жеңіске жетіп, екіншісінің ұтылуы заңдылық. Түпкі нəтижеде, бірінші орынды Қарсақбай кентінің командасы жеңіп алды. Бұл командаға 200 мың теңгенің сертификаты берілді. Жүлделі екінші орынның 150 мың теңгесін Аманкелді ауылының командасы иеленді. Үшінші орынның 100 мың теңге жүлдесі Ұлытау ауылының командасына бұйырды. Төртінші орынға Қарсақбай кентінен келген тағы бір команда иеленіп, 50 мың теңгенің сертификатын алды. Жүлделі орынға жете алмаған командалар да құралақан қайтқан жоқ. Бұл жолы оларға да ойынға қатысқаны үшін ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Бұдан бөлек, жеңімпаз бен жүлдегер командаларға тиістілігіне сəйкес, дипломдар, кубоктар, медальдар табыс етілді. Бұл сыйлықтарды аудандық дене шынықтыру жəне спорт бөлімінің басшысы Марат Оразалин, «Ұлытау ауданының спорт орталығы» КМҚК директоры Сағындық Танабаев пен Бабыр би ұрпақтары тапсырды.
Жалпы айтқанда, тартысқа толы бəсеке өз мəнінде өтті. Іс-шараны ұйымдастырушы Қанат Байсалбеков жарыстың басы-қасында болып, турнирді жоғары деңгейде өткізе білді.
Қайрат ЖҰМАБАЙ