Қайырымдылық – қасиетті іс

Бейсенбі күні ұлт ұясы – Ұлытауда «АMANAT» партиясының аудандық филиалы «Бақытты отбасы» жобасы аясында ай-күні жетпей туған сəбилерге қамқорлық жасау мақсатында қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Мəнді басқосуға Ұлытау ауданының əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ, аудандық мəслихаттың төрағасы Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ арнайы қатысып, игі іске қолдау көрсеткен нəзік жандарға алғыстарын білдірді.

Шара барысында «АМАNАТ» партиясының шақыртуымен ауданға келген Жезқазған қаласының Клуб «28 петель» еріктілер қозғалысының мүшелері Ұлытау ауылының қыз-келіншектеріне тоқыма тоқудың түрлі тəсілдерін көрсетті. Оған қатысқан азаматшалар өздері тоқыған шұлық пен күртешелерді сол күні Жезқазған қаласындағы сəбилер перзентханасына жөнелтті.
«Шала туған нəрестелерді дамытуға арналған ақпаратқа сүйенсек, тоқыма, шұлық-күртешелер сəбидің бойын жылытып қана қоймай, денесін тітіркендіреді екен. Соның əсерінен сəби қимылдай бастайды. Қимылдаған нəрестенің қан айналымы жақсарып, сергектік пайда болатын көрінеді. Осыны негізге алып ұлытаулық азаматшалар сəбиге қажетті кеудешелер мен шұлықтар тоқыды. Негізгі ойымыз, Ауданның 85 жылдығы болғандықтан 85 шұлық тоқуды жоспарлаған едік. Оның 50-ін сол күні тоқып, үлгердік. Енді қалған 35 шұлықты тоқып, сəбилер перзентханасына табыс етеміз» дейді «АМАNАТ» партиясының мүшесі Маржанкүл Сейітмағанбетова.

Өз тілшімізден.