Жылына 1,2 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысы басталды – Президент

Мемлекет басшысының пікірінше, мұнай химиясы өнеркәсібін өркендету Қазақстан экономикасын әртараптандыруға зор үлес қосады.

«2022 жылы өндірістік қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен шығаруға жететін Орталық Азиядағы ең ірі зауытты іске қостық. Қазіргі уақытта бұл кәсіпорын ішкі сұраныстың шамамен 60 пайызын өтеп отыр әрі өз өнімін Еуропа, Түркия және Қытай нарықтарына экспорттайды. Биыл қыркүйек айында жылына 1,2 миллион тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысы басталды. Бұдан бөлек, мұнай химиясы саласында жалпы құны 14 миллиард доллардан асатын бірқатар жоба пысықталып жатыр», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.