Күн тәртібінде – мезгіл мәселелері

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен аппарат жиыны өтті. Өңір басшысы күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге көшпес бұрын облыстағы кей жанар-жағармай бекеттерінде уақытша орын алған отын тапшылығына қатысты қысқа мерзім ішінде тиісті мәселелерді шешу міндетін жүктеді. Сондай-ақ кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына құзырлы органдармен бірлесіп, жанар-жағармай бойынша жасанды дүрбелең туындаған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.

Аппарат кеңесінде 2024 жылғы қаңтар–қыркүйек айындағы әлеуметтік-экономикалық даму және бюджеттің атқарылу қорытындылары туралы, Егін жинау науқанының аяқталуы туралы сұрақтар қаралды.

Ұлытау облысы экономика басқармасы басшысының м.а. Данияр Арынғазин әлеуметтік-экономикалық даму және бюджеттің атқарылу қорытындылары туралы баяндады. Облыстық басқармалар мен қала-аудан басшыларының аталған тақырыпқа байланысты есебін тыңдаған өңір басшысы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің оң динамикасына қол жеткізу мақсатында резервті мүмкіндіктер қарастыруды тапсырды.

Оған қоса өңір басшысы кейбір көрсеткіш бойынша дамудың теріс динамикасын көрсеткен қала-аудан әкімдеріне ескерту жасап, осы жылдың 11 айы бойынша тиісті тәртіптік шара қолданатынын атап өтті. Облыс әкімі сонымен қатар бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне тиісті қаражаттарды жыл соңына дейін сапалы игеруді міндеттеді.

Сондай-ақ жиында ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының м.а. Ақбаян Сексенбаева егін жинау науқанының көрсеткіші былтырғы 2023 жылмен салыстырғанда екі есеге жоғары болғанын жеткізді.

Сонымен қатар Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков ауыл шаруашылығы техникасының тозу мәселесін азайту үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасының, Аграрлық кредиттік және Ұлытау әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы сияқты қаржы институттарының жұмысын насихаттауды, түсіндірме жұмыстарын күшейтуді тапсырды.