Жылу беру мен тазалық мәселесі талқыланды
Ұлытау облысының əкімі Дастан РЫСПЕКОВТІҢ төрағалығымен аппарат жиыны өтті. Күн тəртібінде өңірдегі жылыту маусымының басталуы жəне «Таза Қазақстан» республикалық акциясының іске асырылуы туралы мəселелер қаралды.
Күн тəртібіндегі мəселе бойынша облыстық энергетика жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Алмаз Жандарбеков өңірдегі жылу маусымы басталуының кейбір түйткілді сұрақтарына, тұрғындар мен кəсіпорындарды көмір қорымен қамту мəселелеріне тоқталды.
Оның айтуынша, жылу беру маусымына дайындық барысында қаржыландырудың барлық көздерден жалпы сомасы 35 млрд теңге қаражат қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 23,3 процентке артқан. Нəтижесінде 10 қазандық пен 103 автономдық жылу қазандықтары 100 процент қысқы маусымға дайындалды, 212 подстанция мен трансформатор толық жөндеуден өтті. Жалпы 662,6 шақырым желі, оның ішінде 515 шақырым электр, 46,9 шақырым жылу, 29,8 шақырым су, 10,7 шақырым кəріз желісі күрделі жөнделіп, жаңадан салынды.
Жиында сондай-ақ Жезқазған қаласының əкімі Қайрат Шайжанов облыс орталығындағы қазіргі ахуалды баян етті. Бұл ретте облыс басшысы Дастан Рыспеков жылу жетіспеушілігі орын алған бірқатар шағын аудан мен орамдардың мəселесін шұғыл түрде шешуді, тұрғындар шағымына қатысты түсіндірме жұмыстарын жасауды қатаң тапсырды.
Аппарат кеңесінде қала-аудан əкімдері аймақтардағы «Таза Қазақстан» республикалық акциясының өтуі турасында ақпарат берді. Жиында айтылған ақпараттарға сүйенсек, тазалық акциясына жалпы саны 145 мыңнан аса адам, 1317 ұжым қатысуда. Сондай-ақ, 1774 бірлік мамандандырылған техника жұмылдырылды, нəтижесінде 3281 тонна қоқыс шығарылды, 264 кəсіпорын мен 224 əлеуметтік нысан тартылды. Акция барысында бүгінгі күнде облыс аумағында барлығы 9582 ағаш көшеттері отырғызылды, Жаңаарқа ауданындағы Қараағаш орман питомнигінде 1 279 900 қарағай ағашы егілді.
Кеңесте облыс əкімі күн тəртібіндегі мəселелерге орай аралап, қадағалауы барысында жұмыстардың жеткіліксіздігін анықтағанын, бұл бағытта талап күшейтудің қажеттілігін атап өтті. Өңір басшысы əсіресе «TazaQazBot» арнайы телеграм чатына тұрғындардан келіп түскен өтініш-шағымдарды дер кезінде қарастыру міндетін жүктеді.
Орайы келгенде айта кетейік, Ұлытау облысы бойынша «TazaQazBot» атты арнайы телеграм чатына тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жəне балалар ойын алаңының жағдайы, тұрғын үй аулаларының тазалығы, құлайын деп тұрған ағаштарды кесу бойынша 47 өтінім келіп түскен. Бүгінгі күнде келіп түскен 39 өтінім уақытылы орындалып, жүктелген фото-түсірілімдердің нақты болмауына жəне мəселенің мəні мен мекенжайы көрсетілмеуіне байланысты 5 өтінім кері қайтарылған. Қалған 3 өтінім орындалу сатысында.
Аппарат жиынын қорытындылаған облыс əкімі Дастан Рыспеков Полиция Департаментіне қоғамдағы тазалық пен тəртіп бұзған фактілері бойынша заңнамаға сəйкес жауапкершілікке тарту нəтижесін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды тапсырды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.