Жолдауда қоғамның бүгінгі сұранысы ескерілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында еліміздің дағдарыстан кейінгі кезеңдегі негізгі даму мақсаттары жайында айтып өтті. Сонымен бірге мемлекет басшысы пандемия мемлекет үшін сынақ кезеңі болғаны жайлы сөз қозғап, еліміздегі ахуалдың жақсаруы босаңсуға себеп болмауы тиіс екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауы барысында қазіргі күрделі жағдайда ел алдында тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұратылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу екенін айтты.
Жедел шешім қабылдау көп ресурсты қажет ететіндіктен, Стратегиялық жоспарлар мен реформалар агенттігін құру туралы шешім қабылданды. Ол тікелей Президентке бағынады, — деді ол.
Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану, ол үшін қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіруді дамыту екені айтылды. Ол үшін өнеркәсіп саясаты туралы бірізді заң жыл соңына дейін әзірленетін болады. Тағы бір маңызды мәселе – келер жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша, Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды, ал жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Ол үшін үкімет пен бизнеске АӨК дамытудың 5 жылдығына арналған жаңа ұлттық бағдарламаны әзірлеуді тапсырылды.

Еркеназ БЕГАЕВА,
мұғалім.