Эпидемияны ауыздықтау-бірлесіп атқарар іс

Еліміздің бірқатар аймағында санитарлық ахуал күрделеніп барады. Бұл – коронавирус індеті қайта өршуі мүмкін дегенге сенімсіз қарағандарды тағы «тәубесіне» түсіргендей болды. Бірақ, қазір «сенікі – бұрыс, менікі – дұрыс» деп тәжікелесіп отыратын уақыт емес. Кез-келген жағдайға дайын болуымыз керек. Осы орайда біз аудан әкімінің орынбасары Бағдат БАЙЖАНТАЕВҚА жолығып, ауданның эпидемиялық жағдайға әзірлігі жайлы әңгімелескен едік.

– Бағдат Тілеуліұлы, қазақ «Жаман айтпай жақсы жоқ» деп жатады қазіргідей жағдайда. Әлемдегі ахуалға қарап отырып, коронавирус инфекциясының тағы бір айналып соғатынына көзіміз жеткендей. Осы бағытта ауданымызда қандай әзірлік жұмыстар қолға алынды? Әңгімені осыдан бастасақ…

– Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус инфекциясының ықтимал екінші кезеңіне әзірлік бойынша өткен кеңесте сөйлеген сөзінде COVID-19 пандемиясының екінші толқынының болатынын, жаз айларындағы күрделі ахуалдың зардаптарын естен шығармаған жөн екенін, өкінішке қарай, азаматтарымыз сақтық шараларын ұмыта бастағанын қадап айтты. Алғашқы кезеңде жіберілген қателіктердің салдары да әңгімеге арқау болды. Ендігі жерде содан кеткен қателіктерден сабақ алып, алдағы толқынға қапысыз қамдану қажеттігін күн тәртібіне қойды.

Міне, Мемлекет басшысы алдымызға қойған сол тапсырмаларды орындау мақсатында ауданымызда дайындық шаралары барынша жүйелі жүргізілді. Бүгінгі күні аудан орталығында 20 орындық инфекциялық аурухана жабдықталып, эпидемияның алдын алуға әзір тұр. Онда реанимациялық орындар мен құрал-жабдықтар жеткілікті көлемде бар.

Өткен бірінші толқында біз осындай арнаулы орындардың болмауынан, тіпті, сырқаттар қабылдайтын орындардың жеткіліксіз болғанынан көптеген қиындықтарға кездескен едік. Сол қателіктерді қайталамас үшін инфекциялық ауруханалардың жанынан реанимациялық орындар жабдықтадық. Әрине, мақтанатын жағдай емес, десек те, аудан орталығынан мәйітхана да ашылғанын айта кеткен жөн шығар.

– Пандемияның алғашқы толқынында біз аз қателіктер жібергеніміз жоқ. Оны Мемлекет басшысы да жіктеп айтты кеңесте сөйлеген сөзінде. Соның бірі – медициналық құрал-жабдықтардың жеткіліксіз болуы. Бұл жағы қалай шешіліп жатыр?

– Иә, ол да жасырын емес. Әсіресе эпидемия өршіген тұста аудандық аурухана күрделі кезеңді бастан өткерді. Мамандардың жетімсіздігі, қажетті құралдардың тапшылығы, дәрі-дәрмектердің болмауы бәрімізді жерге қаратты. Сырқаттарды Жезқазған, Сәтбаев қалаларында ашылған инфекциялық ауруханаларға жіберуге мәжбүр болдық.

Екінші толқынға дайындық барысында бұл мәселелерге баса мән берілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен жекелеген демеушілердің көмегімен жаңадан 3 өкпеге жасанды жел беру аппараты, 41 оттегі концентратор жеткізілді. Осы концентраторлардың 21-і жекелеген демеушілердің көмегімен алынды. Сондай-ақ, 23 пульсоксиметрлер, 10 дана контактісіз термометрлер, инфекциялық стационарға 2 дезинфекциялық камера сатылып алынды. Тағы бір жағымды жаңалық, қараша айында орталық ауруханаға цифрлық рентген орнатылатын болды.

Сол сияқты, аудандағы 9 ФАП, 6 СВА жедел жәрдем көлігімен қамтылды. Оның ішінде, 6 СВА-ның көлігі жаңартылды.

Жалпы, бүгінгі таңда аудандағы емдеу мекемелері дәрі-дәрмектермен жеткілікті мөлшерде жабдықталды. Мәселен, стационар бойынша 3 287 236 теңге, ал күндізгі стационар бойынша 5 895 942 теңге қаржы бөлініп, дәрі-дәрмектер тапсырыс бойынша түгел алынды. Амбулаторияда пневмония сырқатымен есепте тұрған 183 адамға тегін берілетін дәрі-дәрмектер үшін 1 346 597 теңге бөлініп, оған азитромицин, парацетамол, ибупрофен, ривароксабан, апиксобан, дабигатран дәрілері алынды. Қазір ауданда екі айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар.

– Инфекцияның таралуына жол бермеу бағытында қандай жұмыстар қолға алынуда?

– Бұл — күн тәртібінде тұрған өткір мәселенің бірі. Оны жүзеге асыру бағытында ауданда ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. 19 қазаннан бастап ауданның Қостанай облысына шығатын Жезқазған-Есіл-Петропавл республикалық тас жолының 138-шақырымына санитарлық бекет қойылды. Ол қажетті 10 жол белгілерімен, 2 бейне камерамен, 3 жарықтандырғыш шаммен, 8 темірбетонды блокпен, 6 турникетпен жабдықталды. Сондай-ақ, санбекетке КамАЗ автокөлігінің базасында жабдықталған «КУНГ» автокөлігі қойылып, контактісіз термометрі бар 2 медбике мен арнайы автокөлігі бар 4 полиция қызметкерінің кезекшілігі ұйымдастырылды. Олар 3 мезгіл тамақпен қамтамасыз етілді.

Аудан жұртшылығы арасында карантин шараларын сақтау жайы да қатаң бақылауға алынды. Осы мақсатта 2 жедел әрекет ету тобы және барлық округтерде 13 қосымша жедел әрекет ету бригадалары құрылып, жұмыс істеуде. Олар 17 тамыз бен 2 қараша аралығында 128 азық-түлік және азық-түлік емес, 8 тұрмысқа қажетті заттар, 1 құрылыс материалдарын сататын дүкендерге, 3 монша нысандарына рейдтік тексеру жүргізіп, 1 қоғамдық тамақтану, 1 азық-түлік дүкеніне және 1 балабақша қызметкеріне айыппұл салды.

Әлемді жайлаған пандемияға және экономикалық дағдарысқа төтеп беру үшін мемлекет барлық қажетті шараларды қабылдауда, бірақ бұл жұмыс бүкіл ел болып, жұмыла білсек қана өз нәтижесін береді. Ендеше алдағы сынаққа да бірге дайындалып, эпидемияның таралуына жол бермеу үшін жасалынып жатқан сақтық шараларын біркісідей сақтаған жөн.

– Әңгімеңізге рахмет.

P.S. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter парақшасында: «Көптеген шетелдердегі коронавирус індетінің таралу жағдайы алаңдатарлық. Барлық жерде қатаң шаралар, оның ішінде, локдаун тәртібі қайта қабылданып жатыр. Қазақстандықтарды Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдарын ұстанып, карантин шараларын сақтауға шақырамын», деп жазды. Бұл сөз біздің темірқазығымызға айналуы керек.

Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.