Ауданда билер кеңесі құрылды

Сəрсенбі күні Ұлытау облыстық билер кеңесінің төрағасы Нұрлан Табылғановтың қатысуымен аудан əкімдігінің мəжіліс залында аудандық билер кеңесі құрамын таныстыру мақсатында жиын өтті.

Мəнді басқосуға аудан əкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек,аудан прокуроры Рахымжан Рахатов, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Руслан Ділмұхамедов, облыстық билер кеңесі мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды ашып жүргізген облыстық билер кеңесі төрағасынынң орынбасары Жұлдыз Есмурзина əуелі Ұлытау ауданының билер кеңесі құрамына сайланған төраға мен мүшелерін жиынға қатысушыларға таныстырып, билерге ұлықтау рəсімін жасады.

Бабалар дəстүрімен аудандық билер кеңес төрағасы Есенғали Əбжамаловқа, кеңес мүшелері Қайрат Сакипов, Темірбек Байболов, Мақсұт Смайлов, Ғазиз Дауытбаевқа ұлттық үлгіде тігілген шапандарды кигізіп, би екендігін айқындайтын төсбелгі, куəлік жəне сертификаттарды табыс етті. Бұдан кейін билер кеңесінің төрағасы, мүшелері салтанатты түрде ант берді.

Ал, билер кеңесінің жұмысы – «Медиация» туралы Заң аясында азаматтық істер, жанұялық келіспеушіліктер жəне басқа да дау-дамайларды ушықтырмай, бір мəмілеге келтіріп, бітімгершілік жолмен шешу. Осы мақсатта тоқсан ауыз сөздің түйінін тауып, таласты дауға нүкте қою. Нақты айтқанда, ағайын арасындағы ауызбіршілікті, татулықты сақтаумен айналысады.

Жиын қорытындысында аудандық билер кеңесінің төрағасы Есенғали Əбжамалов ауданымызға билер кеңесінің қажет екендігін айта келе, өздеріне жүктелген міндеттерді заң талаптарына сəйкес, бітімгершілік жолмен жүргізуге дайын екендіктерін жеткізді.

Өз тілшімізден.