Жеңіс Қасымбек Қарағанды облысының әйелдерін 8 Наурыз мерекесімен құттықтады
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өңірдегі әйелдер қауымымен кездесті. Салтанатты қабылдауға еңбек ардагерлері, өнеркәсіп және мәдениет саласының қызметкерлері, педагогтар, дәрігерлер, көп балалы аналар шақырылды. Өңір басшысы кездесуге қатысушыларды ғана емес, облыстың барлық әйелдерін де құттықтады.
— Біздің әйелдер өздерін мәдениеттегі, спорттағы, қоғамдық жұмыстағы жоғары кәсіпқойлар ретінде лайықты көрсетіп, балалардың, көп балалы аналардың, үлескерлердің, кәсіпкерлердің, мүгедектердің, волонтерлердің, этномәдени бірлестіктердің мүдделерін белсенді қорғайды. Көбінесе нәзік жандылар билік пен жергілікті өзін-өзі басқаруда маңызды лауазымдарға ие. Үйде де, жұмыста да сіздер бәрін ұқыпты ұстауға тырысасыздар. Қатаң әрі талапшыл аналар сияқты әрекет етсеңіздер де, адамдарға сезімталдықпен қарап, жылы көңілдеріңізді бөлесіздер, — деді өңір басшысы.
Бүгінде медицина саласында әйелдердің 83%-ы, білім беруде — 80%-ы еңбек етеді. Пандемия жағдайында дәрігерлер мен педагогтар өздерін нағыз маман ретінде көрсетті. Әкім қиын кезеңге қарамастан, олардың өз ісіне деген табандылығы мен жауаптылығын атап өтті.
Облыста әйелдерді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бағдарламалары белсенді іске асырылуда. Әйелдер бизнесіне микронесие беруге басымдық беріледі.
Көп балалы аналарға ерекше көңіл бөлінді. Жеңіс Қасымбек алты көп балалы анаға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларын тапсырды. Олардың иегерлері Гаухар Бопина, Айнұр Батыралина, Лаура Мүкеева, Сәнгүл Мықтыбекова, Меңдігүл Амандықова және Сәуле Баялиева атанды.
— Менің алты балам бар. Үлкені — 15 жаста, кішісі — бір жаста. Облысымызда көп балалы аналарды ұмытпайды және оларға қолдау көрсетеді, — деп алғысын білдірді Лаура Мүкеева.
Кездесу кезінде пікір алмасу өтті. Оның барысында Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы әйелдердің рөлі туралы көп айтылды. Ана адам өмірінде қаншалықты маңызды екенін журналистика ардагері Сағат Батырханова айтып берді. Қарағанды қаласының №61 ЖОББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дидар Төрекелдина балалардың адамгершілік тәрбиесіндегі педагогтың рөлі туралы ой қозғады. Ұлтаралық келісімдегі әйелдердің жетістіктері туралы облыстық грузин этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Людмила Долидзе айтып берді. «АМТ» АҚ кран машинисі Альфия Макина жұмысшы мамандығы бойынша еңбек етіп жатқаг әйелдің қиын жұмысы туралы айтып берді.
— «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында мен 17 жылдан бері домна цехының ыстық учаскесінде жұмыс істеп келемін. Мен өз жұмысымды өте жақсы көремін, бірақ ол қиын және жауапты. Мұнда 13 жыл жұмыс істеген ұлым менің ізімді басты. Барлық әйелдерді мерекемен құттықтап, мықты денсаулық, бейбіт аспан және отбасылық жылулық тілеймін, — деді Альфия Макина.
Фото: Дмитрий Кузмичев