СУ ТАСҚЫНЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖЫЛ БОЙЫ ЖҮРГІЗІЛУІ ҚАЖЕТ – БЕРІК ӘБДІҒАЛИҰЛЫ
«Көктемгі су тасқынына дайындық – мезгілдік жұмыс емес, ол жыл бойы жүргізілуі керек. Оның ішінде тоғандарды бекіту, тереңдету және аршу сынды жазда қолға алынған жұмыстарды қазір тіпті күшейтуді тапсырамын. Қар түскен уақытта кеш болады», – осылай деп бүгін Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы аппарат жиынында тиісті басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне тапсырма берді.
Өңір басшысының айтуынша, облыс аумағындағы барлық тоған, су қоймасын дайындықтан өткізу және ауылшаруашылығын дамытуда қолдану үшін олардың есепте болуы маңызды. Осы орайда облыс әкімі Қылыш су қоймасын балансқа алу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау міндетін жүктеді. Одан бөлек, қызыл судың салдарынан жылда шайылып кететін жолдарды күрделі жөндеуден өткізу үшін арнайы жоба дайындау қажеттігін жеткізді.
Жиында Жаңаарқа ауданының әкімі баяндағандай Жұмажанов, Ақтүбек, Орынбай ауылдық округінде бөгет тұрғызу жұмыстары жүргізілуде. Іс-шара қыркүйектің соңына дейін аяқталады.
Ал биылғы су тасқыны кезінде Ұлытау ауданында зардап шеккен «Ащылысай», «Ұлжан», «Қияқты» су ағар құбырлары қалыпқа келтірілген. Сонымен қатар, Жезді өзеніндегі атқарылып жатқан санация жұмыстары аяқталса, қауіптен сақтану мүмкіндігі жоғары. Бұл ретте облыс әкімі қолға алынған істі соңына дейін бақылауда ұстауды тапсырды.