Қарағанды облысында «Көктем-2021» оқу-жаттығуы басталды

«Көктем-2021» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу 4-5 наурызда өтеді. Оның мақсаты — көктемгі су тасқынына дайындығын тексеру.

Бірінші күні Қарағанды облысында шатырлы лагерьдің байқауы өтті және тәжірибелік іс-шаралар өтті. Оқу-жаттығу міндетін облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов қойды.

Өңірде су тасқынына қарсы кешенді шаралар жүргізілуде. Су басу қаупі бар елді мекендер бақылауға алынды. Облыс бойынша олардың саны 174. Сондай-ақ, гидроқұрылыстардың жағдайы тексеріледі.

Ауылдар мен кенттерді су басудан қорғау үшін облыста соңғы бес жылда жалпы ұзындығы 220 шақырым бөгеттер мен біліктер салынды.

Қазір күштер елді мекендерден қар шығаруға жіберілді. Арықтарды, арналарды, автомобиль және теміржол көпірлерінің су өткізу құрылыстарын тазалау басталды. Қажет болған жағдайда қорғаныс бөгеттері нығайтылады.

Қаңтар айында Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларынан санитарлық ағызу басталды. Әзірге су көлемі аз мөлшерде — 2 және 8 м3/сек жіберілуде. Ағызылатын судың деңгейі жағдайға байланысты болады.

Алдын алу және жою жұмыстарын жүргізу үшін күштер мен құралдар: 6 700-ден астам адам, 1600 бірлік техника дайындалды.

Облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов пен ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов Қарағанды, Теміртау және Бұқар Жырау аудандарындағы тәжірибелік жұмыстардың барысын тексерді.

Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметінің ақпараты бойынша