«Экологияны сауықтыруға борыштымыз»
Елде экологиялық жағдай күн өткен сайын күрделеніп бара жатқаны жасырын емес. Ол туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында айтты. «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртайдың пікірінше, елімізде қоршаған ортаға қатысты мәселелер қордаланып тұр. Тіпті АЭС шикізаты уранды алу әдісінің өзі ойландырады.
– Уранды өзімізде өндіреміз деп қуанамыз, алайда соны жер бетіне шығару әдісі қоршаған орта үшін қолайлы емес сияқты?
– Дұрыс айтасыз. Уран қоры және оны өндіру жағынан әлемде алғашқы үштікке кіреміз. Бұл – өте бағалы қазба байлық. 1 келі уран дәл сол көлемдегі көмірден 20 мың есе қуатты энергия береді. Алайда уранды өндіру оңай емес. Бізде уран шаймалау әдісімен алынады. Мұның қоршаған ортаға – топырақ, өсімдік, жерасты суларына зияны тиеді. Сондай-ақ батыс аймақта ірі мұнай-газ кеніштері жұмыс істеп тұр. Ол жақта экологиялық ахуал өте нашар. Өндіріс орындарынан бөлінетін улы қалдықтар көп. Партия азаматтары ол өңірде сан мәрте болды. Жағдаймен танысты. Шетелдік ірі кәсіпорын басшыларымен кездесіп, тұрғындарға қол ұшын беруді, экологияны реттейтін заманауи технологияны қолдау жөнінде ұсыныстар жасады. Жалпы, қай өңірді алсақ та, экологиясы мәз емес. Табиғаттың тепе-теңдігі бұзылған. Осы мәселе көп толғандырғандықтан, «Байтақ» жасылдар партиясын құрған едік.
– Жолдауда экология тақырыбына ерекше көңіл бөлініп, оны шешу жолдары айтылды. Нақты міндеттер де жүктелді. Алып-қосарыңыз бар ма?
– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында елдегі экология мәселесіне кеңінен тоқталды. Көрер көз, естір құлақ болса, көп нәрсе қамтылды. Әлбетте, біз өзіміз өмір сүріп отырған ортамыздың жайлы болғанын қалаймыз. Ендеше, қоршаған ортаны қорғауға баршамыз атсалысқанымыз жөн. Осы орайда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акция дер кезінде көтерілді.
Кей елдерде «Табиғат күні» деген атаулы күн бар. Бізге де сол керек сияқты. Халық тым болмағанда, бір күн жаппай сенбілік жасап, табиғат аясына шығып, демалып, қоршаған ортаны жандүниесімен сезінер еді. Елдегі орман көлемі жеріміздің 5 пайызына ғана барабар. Бұл өте аз. Демек, шөлді-шөлейті аймақтарға көшет отырғызып, желкілдетіп орман өсірсек жөн болмақ. Біріншіден, еліміздің экологиясы түзеледі, екіншіден, ағаш – үлкен пайданың көзі.
– «Байтақ» игі бастамалардың басы-қасында жүреді. Бастаманы көтеру бар да, орындалуын қадағалау бар. Нәтиже қандай?
– Партияның көтерген тың ұсыныстары баршылық. Біз қозғаған маңызды мәселенің бірі – ЖЭО-ларды газға көшіру жайы. Қандай құрылғылар керек екенін айттық. Өкініштісі, бас шұлғығаннан басқа, оны қолдап, демеп кетер билікті көрмедік. Тәуелсіздіктің елең-алаңында стратегиялық көп кенішті шетелдік компаниялардың қарауына беріп жібердік. Келісімшарттар шетелдік компаниялардың мүддесіне орайластырылды. Ел мүддесі шет қалды. Бірер ай бұрын осы мәселені көтердік. Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ кеніштеріне байланысты жасалған келісімшарттар қайта қаралып, ел мүддесі бірінші орынға шығу керек деген шарт қойдық. Тіпті петиция да жарияладық.
Бір ғана Қашағанды алайық. Оны «ҚазМұнайГаз», «Eni», «Shell», «ExxonMobil», «TotalEnergies», «Қытайдың ұлттық мұнай газ корпорациясы» және Жапонияның «Inpex» мұнай-газ компаниясы игеріп жатыр. Осы кеніште өндірілген мұнайдан түсетін пайданың 2 пайызы ғана елде қалатын көрінеді. Қалғаны қайда? Әрине, әлгі алпауыттардың қалтасында. Бұл келісімшарт қалай жасалды? Үкіметтің не ойлағаны бар? Кезінде тәжірибе аз болды ма, келісімшарттар өте сауатсыз жасалды. Соның бәрін қайта қарау керек. Осы мұнай-газ кеніштеріне байланысты бастамаларымыз әзірге шешімін таппай жатыр.
– АЭС тақырыбы кеше немесе бүгін ғана емес, ондаған жыл бұрын көтерілді. Осы ретте атом энергетикасының экологияға әсерін түсіндіріп өтсеңіз?
– АЭС біздің елге керек. Ол жөнінде дау көтерудің қажеті шамалы. Тіпті қаржылық, экономикалық тұрғыдан да ұтарымыз көп. Ресей энергиясына тәуелділіктен құтылудың бірегей амалы да – осы АЭС. Тізбелесек, атом энергетикасының пайдасы көп, біріншіден, экологиялық таза, екіншіден, тиімді, қауіпсіз, үшіншіден, уран өзімізде өндіріледі, тек маман даярлай алсақ болғаны.
Қазірдің өзінде елімізде электр қуатының жетіспеушілігі аңғарыла бастады. Бұрынғы тоқтап қалған көптеген зауыт-фабриканы, өндірістік кәсіпорындарды қайта жандандыру үшін энергия қажет. Бүгінде әлемнің 31 елінде, жалпы қуаты 391 ГВт болатын 439 реактор жұмыс істеп тұр. Бұған қосымша тағы 52 реактор салынып жатыр. Осының бәрін есепке алсақ, АЭС салудың қажет екенін бағамдаймыз. Әрі біз көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша міндеттеме алып отырмыз. Демек, алдағы уақытта көміртексіз өндірісті дамытуға тиіспіз. Сол себепті парниктік газ шығаратын сектор үлесін қысқартып, атом энергетикасына көшу аса маңызды. Бұл – экологияны сауықтыру жолындағы игілікті қадам.
– Рахмет!
Әңгімелескен –
Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan».