Сайлау науқанына қамданыс
Қазақстан Республикасының Конституциясында көрініс тапқан аса маңызды іс-шара болып табылатын – ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының сайлауын өткізу 2021 жылдың 10 қаңтарына белгіленіп отыр. Қазір елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлыққа қол қойған күнінен бастап, сайлау науқанына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Таяуда біз де аудандық аумақтың сайлау комиссиясының төрағасы Мақсұт Ахметовке жолығып, сайлау науқанына байланысты жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстарын сұраған едік…
– Мақсұт Қыздарбекұлы, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтетін Парламент Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының сайлауына өзгертулер енгізіліп, сайлау заңдылықтарына түзетулер жасалды. Осы жағын сайлаушыларға толығырақ түсіндіріп өтсеңіз..
– Елімізде жаңа сайлау науқанына дейін бірқатар шаралар қабылданды.
Біріншіден, «ҚР-ның Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңға және «ҚР Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» Заңға түзетулер енгізілгені алдағы сайлаудың басты өзгешелігі деп қабылдаған жөн. Әсіресе, парламенттік оппозиция институтын құру мәселесін қарастыратын және оның қызметін регламенттейтін өзгерістер мен толықтырулар жасалғаны жаңа өзгерістің бірі болып отыр. Енді алдағы уақытта Парламент Мәжілісі комитеттерінің тұрақты бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланатын болады.
Екіншіден, «ҚР-дағы сайлау туралы» конституциялық заңда және «Саяси партиялар туралы» Заңда қарастырылған ережелер бойынша алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілгені көңіл қуантады.
Үшіншіден, тағы бір жаңашылдық, ол – мәслихат депутаттарының сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өтетін болды. Осы тұста, айта кетерлігі, сайлау уақытында барлық эпидемиялық ахуал талаптары сақталады. Санитарлық нормаларды сақтап, барынша орындауға тиістіміз. Сайлау өтетін орындарда сайлаушылардың арақашықтықтарын сақтауды талап етеміз. Мұны алдын ала аудан жұртшылығына хабарлауды жөн санап отырмын. Негізінде, барлық сайлаушылар қоғамның жаңа үрдістеріне дайын болу керек қой.
– Ал, енді Сіздердің тараптарыңыздан жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз. Аудандық сайлау комиссиясының алдағы сайлау науқанына дайындығы қалай?
– Аудандық сайлау комиссиясы үстіміздегі жылдың 21 қазанында Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспар бойынша жұмыс жасауда. Әуелі аудандық сайлау округін құру туралы қаулысымен, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамын, сонымен бірге, сайлау учаскелерінің шекараларын анықтап, мәліметтерді бұқаралық ақпарат құралдарына жарияладық. Бүгінгі күні аудандық аумақтың сайлау комиссиясының құрамында 7 адам бар. Оның екеуі тұрақты кәсіби негізде жұмыс атқарады.
Ал, сайлау науқаны кезінде 30 сайлау учаскесі болады. Әр сайлау комиссиясының учаскесінде 5 адамнан, барлығы 150 адам комиссия құрамында жұмыс жасайды. Қазіргі кезде жасалып жатқан жұмысымыздың бірі – аудан әкімі Берік Әбдіғалиұлының 2020 жылы 3 маусымдағы өкіміне сәйкес, аудандағы барлық сайлау учаскелеріне комиссия құрылып, түгендеу жұмыстары басталды. Әр сайлау учаскелеріне жеке төлқұжат жасалынды. Электронды және жазба нұсқалары әзірленді. Сайлау өтетін ғимараттардың техникалық жағдайы қаралып, дауыс беру жабдықтарының қолжетімділігі анықталды.
Тағы бір қолға алып отырған жұмысымыз – мүмкіндігі шектеулі жандардың сайлауға қатысуына қолайлы жағдай жасау. Бұл бағытта – Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Қолжетімділік картасы» аясында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда біздің ауданда 568 мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Алдағы сайлауда оларға өз таңдауын жасау үшін барынша жағдай жасаудамыз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бұрыштар, дауыс беру кабиналары қажетті құрал-жабдықтар әзірлену үстінде.
Жалпы айтқанда, сайлау комиссиясы сайлаудың заңдылығын, ашықтығын және әділдігін сақтау тұрғысында жұмыстарды қолға алып отыр.
– Әрине, сайлаудың әділ өтуін халық та қалайды. Көпшіліктің сайлаудан күтері де осы. Ендігі бір сауал, сайлаушы өзінің сайлаушылар тізімінде бар-жоғын қалай білуге болады?
– Бұл дәл қазір үйде отырып-ақ шешілетін болды. Әр азамат өзінің сайлаушылар тізіміне тіркелген, не тіркелмегенін мобильді телефон арқылы біле алады. Ондағы http://saiau09.kz/ kk сайтына кіріп, аты-жөні жазылған, жазылмағанын анықтауға болады. Егер тізімге тіркелмей қалған жағдайда жергілікті атқарушы органдарға хабарласу керек.
– Мақсұт Қыздарбекұлы, сөз соңында сайлаушыларға айтарыңыз…
– Алдағы үлкен саяси науқан. Парламент Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының сайлауы. Осы сайлауға баршаңызды ұйымшылдықпен қатысуға шақырамын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Қайрат ЖҰМАБАЙ.