Депутат су мәселесін саралады

Елімізде су мәселесі жылдан-жылға күрделеніп келеді. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өз Жолдауында тарқата айтып, қадау-қадау міндеттер жүктеді. Арнайы Су және ирригация министрлігі де құрылды. Бүгінде осы құзырлы орынның пәрменімен жаңадан Су кодексі жобасы әзірленіп, Мәжілістің қарауына ұсынылды. Осы құжаттан Ұлытау өңіріндегі түйткілді мәселелер де тыс қалмауы үшін ауданымызға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат САТЫБАЛДИН арнайы келіп, өңіріміздегі су мәселесін саралады.

Ұлытау ауданы Ұлытау облысындағы көп қаржы қажет ететін мелиоративтік жүйелер мен құрылыстарды ұстап тұруға мәжбүр өңірлердің бірі. Аудандағы Сарысу, Борсеңгір, Мибұлақ селолық округтері мал азығына айналған шөпті лимандардан шабады. Лиманға су түспеген жылдары шаруалардың шыбын жаны шырқырайтыны бар. Ал, су түскен жылдары оны ұстап тұратын бөгет пен шлюздердің жағдайы да мәз емес. Өңірімізге келген Мәжіліс депутаты осы мәселелермен етене танысып, шаруа қожалық иелерімен кеңесті.

– Ұлытау облысындағы су шаруашылығы объектілерінің жағдайымен танысу мақсатында елді мекендерді аралауды бастадық. Сапардың басты мақсаты – Су кодексіне енгізілетін өзгерістердің тиімділігін іс жүзінде көру және су ресурстарын басқарудың жаңа тәсілдерін талқылау, – деді Ерболат Жалғасбайұлы.
Мәжілісмен өз жұмыс сапарын Мибұлақ ауылынан бастады. Өйткені, Мибұлақ селолық округі облыстың шөлейтті, ауыз суға зәру аймақтарының бірі. Сапар барысында су шаруашылығы саласындағы мамандармен, жергілікті тұрғындармен кездесіп, өзекті мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныстар талқыланды.
Сарысу селолық округіндегі жұмыс сапары барысында да бірқатар маңызды мәселелер талқыланып, нақтылы ұсыныстар айтылды. Сапар барысында мәлім болғанындай, биылғы қарғын судың салдарынан лиманның бөгеттері бұзылған, су шығару және шлюз жүйелері тозған. Лиманнан бірнеше шаруа қожалықтары жем-шөп дайындайды, бірақ лиман жүйесін күтіп ұстауда жүйелілік жоқ. Бұл мәселені реттеу үшін саланы тиісті деңгейде бақылап, шаруалардан нақты ұсыныстар алу қажет. Осы орайда облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы жауапты мекемелердің белсенді шаралар атқаруы қажет-ақ.
Мәжіліс депутаты осы қордаланған мәселелерді құзырлы орындарға жеткізетінін айтты шаруагерлермен болған кездесуде.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен алдағы уақытта елімізде 20 су қоймасы салынып, 11-і жаңартылады. Он төрт мың шақырымнан астам ирригациялық каналдар, гидротехникалық құрылыстар жаңғырады. Саланы цифрландыру да кезек күттірмейтін мәселе. Бұл жаңалықтар мен жақсылықтардан Ұлытау өңірі де қалыс қалмайды, – деді Ерболат Сатыбалдин.
Ауылға жасаған сапары барысында депутат Жыланды бағытындағы тас жол құрылысының жағдайын да назардан тыс қалдырған жоқ.
– Халықтың көптен күткен жолы жөнделіп жатыр екен. Жақсы жаңалық. Бірақ, мердігер белгіленген графиктен ауытқып, жұмысты кешіктіруде. Бұл мәселеге кедергі болып отырған жағдайларды шешу үшін тиісті ведомстволарға нақты ұсыныстар беру қажет. Тас жол құрылысы биыл аяқталуы керек.
Жалпы, ауылдың инфрақұрылымын жақсарту мен шаруалардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету жұмыстарында жүйесіздік байқалады. Жергілікті билік мұны да қаперге алуы қажет, – дейді мәжілісмен кездесуді қорытындылай келіп.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалдин Ұлытау ауданына жасаған жұмыс сапары барысында аудан орталығында қолға алынып жатқан бірқатар жұмыстардың да барысымен танысты. Халық қалаулысы әуелі Әулиетау тауының баурайындағы «Мемлекеттік рәміздер алаңы» кешенінің құрылыс жұмысымен танысты. Бүгінде нысан құрылысының 85%-ға жуығы аяқталған. Алаңда Қазақстан тарихының әртүрлі кезеңін бейнелейтін барельефтер, жаяу жүргінші жолдары және басқа да заманауи инфрақұрылымдар қойылған. Нысанның жалпы аумағы 3 гектарды құрайды. Қазірде көгалдандыру және жарықтандыру жұмысы жүргізілуде.
– 2022 жылдың маусым айында, Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқының бірлігін білдіретін сәулет нысанын – «Мемлекеттік рәміздер алаңын» құруды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта құрылыс аяқталуға жақын екен. Бұл өте қуанышты жағдай.
Жалпы, Ұлытау жері – ұлттың рухани астанасы ғой. Сондықтан туризмді дамыту – «AMANAT» партиясының Ұлытау облысы бойынша сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарының бірі болып қала бермек. 2027 жылға қарай Әулиетау шыңына дейін соқпақ жол салынып, Ұлытау ауданының «Күмісбұлақ» және «Тасбұлақ» бұлақтарының аумақтары абаттандырылады, сондай-ақ «Сәтбаев-Малшыбай» автожолы, Жошы хан кесенесі, Домбауыл қорымы қайта жаңартылады, – дейді Ерболат Жалғасбайұлы.
Ат басын бұрып барған келесі нысан аудан орталығында құрылысы жүріп жатқан аурухана ғимараты. Бой көтеріп жатқан аурухана бір мезетте 100- ден астам адамды қабылдауға қауқарлы. Сонымен қатар, тағы бір бой көтеріп жатқан 36 пәтерлік 3 қабаттан тұратын үйдің құрылысы кезекте тұрған отбасыларға беріледі деп күтілуде.
Аудандағы құрылыс нысандарын аралап, жай-күйімен танысқаннан кейін Мәжіліс депутаты тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген Қаракеңгір ауылының тұрғыны Ербол Абуов 27 ауыл тұрғындарының қолдары қойылған өтінішін берді.
Аталған өтініште «Ұлытау-Қаракеңгір» бағытындағы облыстық дәрежедегі жолдың жағдайы, жөндеуді қажет ететіндігі туралы жазылған. Ұлытау аудандық мәслихатының депутаты Марфуға Абильдина аталған мәселе жөнінде бірнеше рет облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ақпарат жеткізгендігін, құрылған комиссиямен бірге аралағандығын, жөндеу жұмысын қажет ететіндігін жеткізді.
Сонымен қатар, Ербол Абуов Қаракеңгір ауылына келген мамандарды тұрақтандыру үшін жаңа үйлер салу жөнінде ұсынысын білдірді.
Ұлытау аудандық мәслихатының депутаты Зәуреш Балшықбаева Жезді кентіндегі адамдарға арналған аспалы көпірді жөндеу жөнінде өтінішін айтты.
Мәжілісмен қабылдауда көтерілген мәселелердің бәрі алдағы уақытта өз шешімін табатынын жеткізді.
Сапарының соңында Ерболат Сатыбалдин «AMANAT» партиясы Ұлытау аудандық филиалында аудандық мәслихат депутаттарымен, Қоғамдық кеңесінің мүшелерімен, ардагерлерімен, қоғам белсенділерімен кездесті.
Кездесуде Ерболат Жалғасбайұлы Ұлытау ауданы аумағындағы іс-сапары туралы ақпарат берді. Су шаруашылығы саласындағы мамандармен, жергілікті тұрғындармен кездесіп, өзекті мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныстарды талқылағандығы жөнінде айтты. Бөгет, тоғандарды күтіп-ұстау өзекті мәселеге айналғандығы және оны қалыпты жүйеге қою жөніндегі жұмыс жүргізу керектігін жеткізді.
Кездесуде Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Шаяхмет Үмбетов иесіз қалған тоғандарды мемлекет иелігіне алу және су тазалайтын қондырғыларды пайдалану жөнінде айтса, Ұлытау облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Мақсұт Оспанов «Шұбаркөл» ЖШС жер асты суларын өндірісте пайдаланып отырғандығын жеткізді. Ал, ауыл ақсақалы, Есенғали Әбжамалов даладағы құдық, скважиналардың қараусыз қалғандығын және оны жауапты мекемеге беру жөнінде ұсынысын білдірді.
Ерболат Сатыбалдин өз кезегінде көтерілген мәселелердің бәрі назарға алынатынын айтты.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.