Алыптың ұрпақтары – асылдың сынықтары

ХХ  ғасырдың басында қалыптасқан қазақ зиялыларының өмірі мен атқарған қызметтерінің бүгінгі егемен елдің болашақ қайраткерлерін тәрбиелеуде үлкен мәні бар. Себебі, ұлтқа қызмет етудің өзі тарихта із қалдырған қайраткерлерге еліктеуден басталады. Бұл мақаланың мақсаты – ХХ ғасырдың басындағы Алаш зиялылары көтерген өзекті мәселелердің бүгінгі күні де маңызын жоймағанын айтып, тарихи сабақтастықтың айғағын көрсету. Тарихтан сабақ алмай, оның бай тәжірибесінен үйренбей, ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу мүмкін емес. Тәрбиенің басы – тарих. Тарих арқылы Отанды, өз ұлтын, өзін қадірлеуді үйретуге болады. Оның патриоттық тәрбие берудегі маңызы өте зор.

Әлихан Бөкейхан – бүгінгі Тәуелсіздіктің қайнар бұлағы. Әлихан Бөкейхан – әлемдік деңгейдегі саясаткер, алып тұлға. Ол Әз Жәнібектен, Керейден, Абылайдан кейін қазақ мемлекетін жаңғыртып, ХХ ғасырға сай қайта құру ісіне бар өмірін аямай сарп етті. Осы ұлы істе Алты Алаштың ту көтерер өр ұлдарын соңынан ертті. Ендеше, осы алып тұлғаның өз ұрпақтары туралы да зерттеу бүгінгі күннің талабынан туындап отыр.

Лиза апай туралы тек Әлиханның қызы ретінде жазуға да болатын еді. Бірақ ол аздық етеді. Ол кісінің өз басы жеке-дара тұлға болатын, ол кісінің есімімен біздің отбасымыздың ғана емес, онымен кезінде ұшырасқан көптеген жандардың қилы жағдайлары тікелей байланысты. Ол туралы жазудың маған мейлінше ауырлығы сол – бұл кісі менің көзқарасымның қалыптасуына бағыт-бағдар берген адам еді. Менің рухани апам болатын.  Елизавета Әлиханқызы өзінің бойына әке-шешесінің ең асыл қасиеттерін сіңірді. Анасы Ольга Яковлевна мейлінше жұмсақ әрі мейірімді адам болғанға ұқсайды. Омбы қаласында тұрғанда қазақ балаларына орыс тілін үйретіп, ұстаздықпен айналысқан. Лиза апайдың маңында болған соншама уақыттың ішінде мен не көршілері, не қызметтестері жөнінде бір де бір жағымсыз сөз естіген емеспін. Қанша бір ширыққан жағдайда да қалпынан шығып, ашу-ызаға жол бергенін көрген емеспін.

Елизавета Әлиханқызы адамгершілігі зор, достарына ниеті таза, пейілі ізгі жан еді. Қашанда біреуге көмектесіп, демеп жіберуге әзір ынтасы әкесінен дарыған болуы керек. Оның әкесіне тартқан қасиеттерінің бірі оң істі қорғағанда айрықша принципшілдігі, жексұрындық жөнінде мәмілеге келмейтіндігі, партия ісіне берілгендігі және қоғамдық жұмыс дегенде тыным таппайтындығы болатын.

Лиза апай өмірдің қатал сынынан өтті. Жастайынан әкесінің жанында жүріп қуғын-сүргін көрді. 1941 жылы жалғыз баласы Ескендір Сәдуақасов та жасына екі жасты қосып жазғызып, шешесінен жасырын халық жасағы құрамына өтіп кетеді де, соғыстың алғашқы айларында оққа ұшып, қаза табады.

1942 жылы Ұлы Отан соғысы жүріп жатқанда алғашқылардың бірі болып Елизавета Әлиханқызы Солтүстік-Батыс майданының медициналық госпиталіне қызмет етуге аттанады. Соғыс аяқталғанша Солтүстік-Батыс майданда дәрігерлік қызмет атқарып, шайқас даласынан майор шенімен және көптеген наградалармен оралды. Ерен ерліктің үлгісін көрсетуі, қажырлылық танытуы, адал қызмет етуі әкесінен дарыған ерекше қасиеті шығар.

Әлихан Бөкейханның бір таң қалдыратын қасиеті – өзінің ұстанған бағытына өмірінің соңғы деміне дейін шын берілгендігі. Қазақ мүддесіне келгенде Әлихан Бөкейхан еш уақытта ойланған емес, бастапқы пікірінен ауытқыған емес. Бір-ақ ұстанымда болды, қазақ мүддесіне бүкіл өмірін сарп етті, тұлға ретінде, қайраткер ретінде жарқырап көрінді, ешуақытта сатқындық жасамады. Осындай қайраткердің, ұлы тұлғанын отбасында өмірге келген Елизавета Әлиханқызы да өмірінің соңына дейін өзінің ісіне адал болуы, әкесінің салып кеткен сара жолынан ауытқымауы – таңғаларлық жайт емес. Ұрпақтың өзіндік ерекшелігі де осында.

Балғын балалық шағын Лиза, шындығына жүгінсек, әке тәрбиесін көрмей өткізді десе де болады екен, өйткені, ол кісі үнемі саясат пен журналистік қызметтен бір босамайтын.

Жаз маусымын Лиза міндетті түрде Тоқырауындағы әкесінің туған жерінде өткізетін. Онда ол өзінің етбауыр туыстарының, ең бастысы, әжесі Бежекемнің қасында болып, масайрап, бой жазатын. Бекежем Лизаның шешесін жақтыра қоймапты, себебі, ұлының әйелі орыс болғанына көндіге алмаған.

1923 жылдың сәуірінде Лиза саяси қайраткер ғана емес, сонымен қоса драматург, қазақ тарихында ағарту жұмысын ұйымдастырушы ретінде танымал қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасовқа тұрмысқа шығады. Тағдырдың жазуымен жолдасынан ерте айырылады. Ол Смағұл екеуінің үйінде талай болған достары Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан және Нығмет Нұрмақовпен жақсы жолдас болды, ал Дәмеш Әлімханқызы Ермековамен өмір бойы дос болып өтті.

1930 жылы Кремль ауруханасында жолдасы Смағұл Сәдуақасов тосыннан қайтыс болды. 1937 жылы әкесі Әлихан Нұрмұхамедұлын Бутырко түрмесіне алып кетеді. Лиза Әлиханқызының қолында кәмелетке толмаған ұлы Ескендір қалды. Сол кезеңнен бастап түсініксіз қуғын-сүргін басталды.

Осы бір қысылтаяң шақта бұрынғы Денсаулық Халкомы, сол тұста Дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының кафедра меңгерушісі Н.А. Семашко шынайы адамгершіліктің үлгісін көрсетіп, нағыз азаматтығын танытады. Ол Әлиханды жақсы білетін еді және сол бір сұсты да сүреңсіз жылдары Лиза апайға мейірін төгіп, оны алғашында лаборанттық жұмысқа шақырып, содан соң ғылыми қызметкерлікке орналастырады.

Лиза Әлиханқызымен алғаш рет 1955 жылы Ленинградта кездестім. Ол жаққа институтқа емтихан тапсыруға барған болатынмын. Осылайша, мен Лиза апаймен ол кісі өмірден өткенше 15 жылға жуық араласып тұрдым. Лиза апай жайында менің жадымда жүрекке жылы және жайлы естеліктер қалды. Ол – менің көзқарасымның қалыптасуына бағыт-бағдар берген адам. Дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында көп жыл декан болып қызмет атқаруы, ұзақ жылдар бойы осы институтта партия ұйымының басшылығына сайланып отыруы бекер емес. Соғыстан кейінгі жылдары КСРО-да аса белгілі ғалым, дәрігер, В.А. Семашко сынды беделді де адамгершілігі асқақ адамның кафедрасында ұзақ уақыт қызмет еткенінің ықпалы болды.

Соғыстан кейін Елизавета Әлиханқызы әскери қызметтен босап, Медицина ғылымы академиясының бір институтының ғылыми хатшысы болып қызмет атқарды. Осында жүріп кандидаттық диссертациясын қорғады. «Жұмыстан бас алмаймын, зерігуге қол тимейді. Мен өзіме қымбат соншама адамдардан айырылдым, сондықтан, өзім бақытты болу үшін күш-қуат іздейтіндей емеспін. Мен толассыз іс үстіндемін – жұрт та айтады, өзім де білемін, жұмысты жаман атқармаймын. Келешекте докторлық диссертация болып қалуы ықтимал, жұмыс әзірлеп жүрмін. Жалпы тұрмысым жаман емес, бірақ, бұл нағыз өмір емес қой, менің барымды соғыс жайпап кетті. Кенемнің (ұлы Ескендір – К.Ә.) қазасы нағыз аналық шаттығымды жұлып әкетті ғой, бірақ, сол үшін мені кінәлауға бола ма? Мен соның бәріне қайыспай төзе аламын, жұрт, сірә, мен соның бәрін жеп-жеңіл көтереді деп ойлайтын шығар. Саған ғана, бірінші рет осылай жазып отырмын. Зауқың соқса, хат жазарсың. Мен ойыңда қалған адамдардан хабар алсам, мерейленіп қалар едім. Менің атымнан ұлдарыңның бетінен сүй. Бар жақсылықты тілеймін» – депті Лиза апай бір жазбасында.

Елизавета Әлиханқызы медицинадағы статистика  жөнінде Кеңес Одағы бойынша көрнекті ғалым болатын, сол себепті, ол кісіні диссертация қорғауларына оппонент ретінде бүкіл республикаларға жиі шақырып отырған.

Бір жолы мен Мәскеуге кезекті каникулға келгенімде Лиза апай Тбилисиден оралды. Ол кісіні нағыз Кавказдың қонақжайлылығымен қарсы алған екен. Әріптестерінің өзін құрметке бөлеп, қамқорлыққа алғанын күлімсіреп айтып  отыратын. Өзіне тым назар аударып, мәпелегенді жақтырмайтын, «ризашылығын білдіргісі» келетіндердің бетін қайтарып тастайтын.

Қызметіндегі мейлінше жұмысбастылығына қарамастан, Елизавета Әлиханқызы (сегіз жыл бойы Москвадағы Дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының деканы және партия ұйымының хатшысы болды) үнемі ізденіс үстінде болатын. Ауыр кеселге ұшырап денсаулығынан айырылғанша докторлық диссертациясымен айналысқан. Өзінің «Кештеу, бірақ, қоғамдағы орным «алға ұмтылуды» талап етіп тұрғанда кандитат болып жүре беру ұят. Докторлық дәрежеден мен, әрине, ақылдырақ болып кете қоймаспын, бірақ, солай ету керек» – деген сөзі бар.

Ауруханада ауырып әл үстінде жатқанда Мәскеуде қайтыс болған, Қазақстанның бұрынғы Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының зайыбы, өзінің құрбысы Зуфнін Нұрмақованы тауып беруді өтінеді. Зуфнін аурухана төсегіне жақындап келіп, оның белдемесінен ұстаған бетте тізерлеп отыра кетеді. Апай бар күшін жинап, төсек шетіне жылжып жетеді де екеуі еңірей жылап көріседі. Сонда Лиза Әлиханқызы: «Олар біздің бар жақынымызды құртты! Жүрегімізді суырып алды, енді біздің де кезегіміз жетті», – деп ентіге айқай салады.

Алаштың ардақтысы Әлихан Нұрмұхаммедұлы Бөкейханның қызы Елизавета Әлиханқызы да Отанынан жырақ жерде өмірден озды.

Дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында жаназасы өткізіледі. Жаназа намазында әкем Райымжан Бөкейхан қайғыдан бүгіліп, егіле жылап тұрып: «Мұнда, Россияда қазақ қызын ақырғы сапарға етжақын адамдарындай шығарып салып жатыр ғой!» – деп қайталай беріпті.

1910 жылы Әлиханның Үкітай есімді ұлы өмірге келеді. Үнемі орысша ортада тәрбиеленген соң Сергей аталады. Үкітай Әлиханұлы Мәскеудің тау-кен институтын бітіріп, геолог болды. Ол бірнеше жыл Ұлытау-Жезқазған-Қарсақбай өңірінде Қаныш Сәтбаевпен бірге оның кешенді геологиялық-барлау тобында ерен еңбек етеді. Өмірінің соңғы жылдарында Хакасияда жұмыс істеген. Оның түсті металдарды барлау мәселелері жайында тау-кен өнеркәсібі қызметкерлерінің Бүкілодақтық мәжілісіне әзірлеген баяндамасы күні бүгінгі дейін өте құнды саналады.

Өзім талай жыл жұмыс істеген политехникалық институттың геологиялық барлау факультетінде академик Е.Д. Шлыгин қызмет істейтін. Ол – Қазақстанның аймақтық геологиялық құрылымының теориясы мен моделін алғаш жасағандардың бірі. Бір жолы мен сөз сөйлеген жиналыстың соңында аса қадірлі академик менен «Сіздің Сергей Әлихановичпен жақындығыңыз жоқ па?» – деп сұрады. Жақындығымыз жайлы айтып бердім. Шлыгин соны естігенде «жанып» кетті. Өзінің 40-50 жылдары Қарсақбай-Жезқазған өңіріндегі экспедиция құрамына қалай қосылғанын, Сергей ағаймен танысқанын аузының суы құрып әңгімеледі. Сергей Әлиханұлының кәсіби деңгейінің өте жоғары екендігін ерекше айтты. Өкінішке орай, ол жылдары бұл фамилиямен жүрген адамға ешқандай сый-құрмет бұйырмайтын, лайықты бағасы берілмейтін. «Халық жауы баласының» өзі жұмыс істеген ұжымның өзге мүшелері алып жататын марапаттарды алу құқығы болмайтын еді.

Сергей Әлиханұлы одаққа белгілі геолог болды. Сергей Бөкейхановтың ғылыми және өндірістік еңбегінің жемісті болғанына – Мәскеуде КСРО Ғылым академиясының сессиясында жасаған «Жезқазғанның құрылымдық және кенді аудандары» атты баяндамасы дәлел. Бұл баяндама 1935 жылы шыққан 700 беттік «Үлкен Жезқазған» атты монографияның бүтін бір бөлімін алып жатыр. Бүгінгі күні техникалық өндіріс саласындағы ғалымдар баяндаманың құндылығына жоғары баға беруде. Белгілі геолог, Социалистік Еңбек Ері В.И. Штифанов Сергей Әлиханұлының кәсіби деңгейін өте жоғары бағалайды: «Мен ол кісіні 1944 жылы Мәскеуде КСРО Түсті металлургия министрлігі өткізген бір беделді кеңесте көріп, сөзін тыңдадым. Сергей Әлиханұлы мазмұны терең баяндама жасады. Сол кезде ол кісі Оңтүстік Оралдағы ірі геологиялық экспедицияны басқаратын».

Тағдырдың тәлкегімен қаншама қиындық көрген ірі тұлғаның тағдыры белгісіз жағдайда үзілді. Сол кездегі солақай саясаттың әсерімен Алаш ардақтысының тек өзі ғана емес, ұрпақтары да көп қиындық көрді. Геолог ғалымның еңбектері үлкен зерттеу жұмыстарын қажет етеді.

Алайда Әлихан Бөкейхан да, оның ұрпағы да жат жерде аса қадірлі болды. Бүгінгі тарихшылардың «құлағына – алтын сырға», бұл – зерттеуге сұранып тұрған тақырып. Мағыналы ғұмырын халқының азаттық алып, еркін ел болуы жолындағы күреске арнаған аяулы азаматтың соңғы демі біткенше жасаған қызметі сан қилы. Артында қалған ұрпағының өзі ерекше болғандығын түрлі деректер дәйектеп отыр. Асылдың сынығы Елизавета Әлиханқызы Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысып, өзінің перзенттік, азаматтық борышын адал атқарды.

Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті, сондықтан, бұл туралы сөз қозғамау орынсыз. Шын мәнінде, өзінің ерен еңбегімен, білімімен, адал қызметімен қатарынан озып шыққан замандастарымыз тарихта жетіп артылады. ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының көш басында тұрған алып қайраткер Әлихан Бөкейханның ұрпақтары да ұлт тарихынан ойып тұрып орын алуы тиіс. Халық мұны ұмытпай, есте сақтап, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға тиісті.

P.S. Үкітай Әлиханұлы Бөкейханға кезінде қазақ индустриясының орталығы болған Қарсақбай кентінде ескерткіш қойылуы үкілі үмітімізді оятып, жүрегімізді нұрға толтырды…

Кәмшат ӘБДІРАХМАНОВА,

Қарағанды медицина университеті Қазақстан тарихы және

әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының ассистент-профессоры.

(Арнайы «Ұлытау» газеті үшін).