Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы «Ғасыр адамы» Темірғали Көкетайдың қайтыс болуына байланысты көңіл айтты

«Ұлытау облысының Құрметті азаматы, ұлтымыздан шыққан тұңғыш физик Темірғали Көкетайдың өмірден озуына байланысты марқұмның жақын-жуығына, барша қазақ жұртына қайғырып көңіл айтамын.

Темірғали Әбілдаұлының есімі тарихта Оксфордта дәріс оқыған тұңғыш Қазақ ретінде алтын әріппен жазылып қала бермек. «Ғасыр адамының» физика ғылымының қарыштауына сіңірген еңбегі өлшеусіз.

Саналы ғұмырын ғылымға арнаған тұлға өзінің қарапайымдылығы мен турашылдығының арқасында артық мақтау мен мадаққа да құмартпайтындығымен ерекшеленетін. Десе де, профессор көзінің тірісінде тұтас ұлт қана емес, инновацияның жілігін шағып, майын ішкен әлем ғалымдарының да жоғары бағасына ие бола білді.

Қос ғасырдың көрнекті ғалымы, күллі жаһанды асқан ойшылдығымен тәнті еткен жанның Ұлытаудың қасиетті топырағынан жаралуы – ұрпақ үшін зор мақтаныш деп білемін. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Жаратушы иман байлығын нәсіп етсін!», – делінген көңіл айту жазбасында.