Қарағандыда вакцина өндіріле бастады
Премьер-Министрдің орынбасары Ералы ТОҒЖАНОВ пен Денсаулық сақтау министрі Алексей ЦОЙ Қарағанды фармацевтика кешені (ҚФК) базасында «ГамКОВИД-Гак» («Спутник – V») вакцинасының өндірісін және өңірлерге вакцина жеткізу жайын бағамдады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, отандық фармацевтикалық кешенде вакцинаның өнеркәсіптік өндірісі қысқа мерзімде жолға қойылды. Бүгін Қазақстанның барлық өңіріне «ГамКОВИД-Гак» вакцинасының 90 мың дозасы жөнелтіледі. Наурызда 150 мың доза өндіру –жоспарда. Ал сәуір айынан бастап, ол 600 мың дозаға жетеді. Осылайша, халықты жоспарлы түрде COVID19-ға қарсы вакцинамен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етеміз, – деді Вице-Премьер Е.Тоғжанов.
«СҚ-Фармация» ЖШС мен Ресей тікелей инвестициялар қоры (РФТИҚ) арасындағы өзара әрекеттесу келісімі аясында 2 млн. астам доза жеткізу, препарат сынақтың барлық сатысынан өткеннен кейін 5 млн. дозаға дейін арттыру жоспарлануда.
2020 жылдың 11 қарашасында Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев пен РФ Президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлесіп, пандемиямен күресте ынтымақтастықты жандандыруды, оның ішінде, ҚР аумағында бірлесіп вакцина өндірісін ұйымдастыру жөніндегі жоспарлы жұмыстарды талқылаған еді.
– Денсаулық сақтау министрлігі жұмыс тобын құрды, оның құрамына ҚР ДСМ, РФТИҚ бейінді ведомстволарының басшылары және ҚФК мамандары кірді. Мәселе күнделікті талқыланды. Қысқа мерзімде технология трансфері, өндіріс шарттары дайындалып, қызметкерлер оқытылды, – деп атап өтті А.Цой.
ҚФК бас директоры Сергей Баронның айтуынша, кәсіпорын алдына ресейлік «Спутник V» вакцинасынөндірісін қысқа мерзімде бастау міндеті қойылған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 4 желтоқсанда технология иесі – РФ «Ресей тікелей инвестициялар қоры» мемлекеттік компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған. Ал 13 желтоқсанда дайын өнімнің валидациялық серияларын өңдеуге арналған субстанция берілген.
Вакцина 2020 жылдың 24 желтоқсанынан 2021 жылдың 21 қаңтарына дейін Н.Гамалея атындағы орталықта бірнеше рет сапа сынағынан өтіп, Қазақстанда 2021 жылғы 15 ақпанда тіркелді.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметтері негізінде әзірленді.