Мемлекет басшысының Олимпиада жүлдегерлерімен кездесуі кейінге шегерілді

2024 жылдың 14 тамызында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Париж Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездеседі деп жоспарланған болатын. Бірақ бұл іс-шара кейінге шегерілді. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрама мүшелерімен бүгін кездесуді жоспарлаған болатын. Өкінішке орай, атлеттер мен жаттықтырушылардың жартысынан коронавирус инфекциясы анықталды. Сол себепті кездесу кейінге шегерілді. Спортшылар мен бапкерлердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз,- деп Б.Уәли Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Олимпиада жүлдегерлерін міндетті түрде қабылдайды. Кездесу тамыз айының соңында Ақордада өтеді деп жоспарланып отыр.