«Біздің Бөкең» атанған Бөкен Нұршабаевты бүгінгі ұрпақ біле ме?

Биыл Ұлытау ауданының құрылғанына – 85 жыл болады. Бұл – өңірдің аспаны биіктеп, көз ұшындағы кеңістіктер кеңейе түскеніне ғасырға жуық уақыт болды деген сөз. Кешеден бүгінге желі тартқан жақсылықтар, өңір мəртебесінің биіктей түсуі қалай болғанда да бір күннің ісі емес. Бұл жолда талай азаматтарымыздың айшықты іздері, топтасқандық пен бірауыздылықтың, ерен еңбектің, алға ұмтылудың нышандары көрініс берері анық.

Біз қай кезде де ілгері буынды үлгі тұтып өскен ұрпақпыз. Қазірде де алдымызға қараймыз. Сондайда ағалар тобынан Бөкен Нұршабаевтың тұлғасы өзіндік бітім-болмысымен дараланып көрінері анық. Қоғамда қандай белсенді, қолға алған ісін тиянақты түрде нəтижелі болғанша жеріне жеткізіп орындайтын осы кісінің өмірден сол қалпына селкеулік енгізбей, жігерлі күйінде өтуі, əрине, көпшілік үшін таңғаларлық жайт.
Ол өзінің саналы ғұмырын елінің өсіп-өркендеуіне арнаған жан. Кешегі ел басына күн туып, ер етікпен су кешкен сұрапыл соғыс жылдарында буыны қатып, бұғанасы бекімесе де еңбек етіп, одан кейін де бейбіт күннің бар тірлігіне белсене араласып, елдің алдында жүрді. Абыройлы еңбек етті, шаруа көзін тапты, жұртты ортақ іске жұмыпдыра білді. Ол қайда жүрсе де сөз бен істің арасын алшақтатпай, бір арнадан туындатып отырды. Сондықтан да, көпшілік оның соңынан ерді, айтқан сөзіне тоқтады. Алдыңғы толқын ағалар атанған оның тұстастары немесе көзін көрген, қадірін білетін дерлік өкшелестерінің өзі қазір сиреп-ақ қалды. Ал, көзі тірілері əңгімелерін «Біздің Бөкең» деп бастап оның атқарған істерін жырдай етіп айтып отырады. Сол əңгімелер былайша сыр шертер еді.

Ширығу

Бөкен аға бала кез, жастық ғұмырын заманына сай аласапыран уақытта өткізген. Ержетіп, ат жалын тартып мініп, қызметке араласқанға дейін ол сан салалы еңбекте шыңдалды. Оның нағыз ширығу кезеңі кешегі Ұлы Отан соғысы жылдары. Ол соғыс басталғанда он алтыға жаңа толған бала еді. Ер-азаматтардың бəрі майданға аттанып, ауылдағы жұмыстың ауыртпалығы өйелдер мен шалдардың, бала-шағаның иығына түскенде Бөкен аға да ел қатарлы еңбекке араласты. Қарсақбай мыс қорыту заводының Ұлытаудағы қосалқы шаруашылығында есепші болып еңбек жолын бастады. Өз замандастарына қарағанда алғыр, пысық бала бұл жұмысты ұршықша иіріп əкетті. Өз ісіне мығым болып, шаруашылықтың жұмысын шашау шығармай атқарды.
Кішкентайынан көпшіл, ешкімнің ала жібін аттамауды білмейтін бала қолыңнан келсе қайырымдылық жасауды əдетке айналдырды. Елдің қалай күйзелгенін, көзі жылауда, қолы шылауда жүргенін көргенде бала жүрегі қан жылайтын. Сондықтан да болар, қолы қалт еткенде өзгелерге жəрдемдесіп жүрді. Біреудің шөбін түсіріп берсе, біреудің отынын жарып, қолдан келгенінше қолқабыс өтті. Кешкілік зыр жүгіріп жүріп, үйді-үйді аралап, газеттерден майдан хабарларын, əскерден келген хаттарды оқып беруді де, майдандағы азаматтарға хат жазуды да міндетіне алды. Таңның атысы, күннің батысы тыным таппай, үкідей ұшып жүрген балаға ауылдың үлкендері дəн риза болып, ақ баталарын жаудыратын. Сол үлкендердің батасы қабыл болған шығар, Бөкең өмірден жамандық көрмей өтті.

Шыңдалу

Бөкен Нұршабаев өзінің саналы ғұмырының 52 жылын еңбекке арнаған жан. Соның он жылы ішкі істер органы қызметінде өтіпті. Əсіресе, кешегі отты жылдарда, жау жағадан алып жатқанда бөрідей етекке жармасқан ішкі жаулармен арпалысып, қоғам мүлкін қырағылықпен қорғап, Жеңіс сағатын жақындатуға өз үлесін қосты. Сол бір алмағайып тұста он сегіз жастың табалдырығына ілінген Бөкен де əскер қатарына алынып, бірлі-жарым ай арнайы мектепте оқытып, қауіпсіздік комитетінің ерекше жасағына жауынгер болып келді. Бүл кезде ел іші де аласапыран-тын. Сырты бүтін, іші түтін дерлік кез. Сұғанақ қолдар мен арам пиғылдылар қоғамның, елдің шетке сəл шығып қалған дүниесін қақшып кетіп жатады. Шетке шыққаны жай, қоймада, құлыпта тұрған азын-аулақ дүниеге қол салып, елдің берекесін кетіруде. Алып қана кетпейді, күзетшіні қанға бөктіріп, қоймада қалғанды өртеп кетеді. Одан қалды, сырттан арнайы арандатуға жіберген топтар мен түрмеден, соғыстан қашқан опасыздар да елге бүйідей тиіп жатқан кез еді ол.
Міне, осы ішкі жаумен күресу үшін құрылған жасаққа жауынгер болып келген Бөкен Нұршабаев майданға бармай-ақ небір сұмдықтар мен кескілескен ұрыстардың бел ортасында жүрді. Əскери өмірдің бар құпиясы мен құндылықтарын қорғайтын, жаудың жансызын ішке енгізбейтін, ішкі жаумен бетпе-бет айқасатын осы айрықша бөлімде қызмет ете жүріп Бөкен көп нəрсе үйренді. Бала кезінен артық ауыз сөзі жоқ, кісінің ала жібін аттап көрмеген, керісінше елдің қамын жеп, көмекке əзір тұратын бала Бөкен енді құпияны да сақтай білетін, ақ пен қараны ажырата алатын жауынгөр Бөкенге айналды. Өзіне тапсырылған міндеттер мен тапсырмаларды мінсіз атқарды. Бақылауына алған аймақтарда зорлық-зомбылықтың болмауын, қарақшылық əрекеттер жасалмауын қатты қадағалады. Əрине, бəрі тап-тұйнақтай болды десем артық болар. Бір аймақты қорып жүргенде торып жүрген жау екінші шеттегі қойманы не дүкенді бұзып, үптеп кеткен кездері де болды. Бірақ, Бөкендер қанды қол қарақшыларды ұзаққа жібермей, бандылардың ұясын талқандап, мемлекеттің қолды болған мүлкін қайтарып алып отырды.
Жас жігіттің жауынгерлік ерліктеріне куə болған партия басшылары жауынгер Бөкен Нұршабаевты сол отты жылдарда партия қатарына қабылдады. Бұл сөз жоқ Бөкеннің сол кездерде өз Отанына сенімді де өтімді, беделді де бағалы болғанын көрсетеді. Өзіне деген зор сенімді Бөкен де өле-өлгенше дақ түсірмей ақтай алды. Ескі партия билетінде «бұл сондай еді» деген бір ауыз ескерту сөздің жазылмауы осыны аңғартады. 1944 жылдан 1954 жылға дейін Ұлытау ауданында ішкі істер жəне мемлекеттік қауіпсіздік органдарында əртүрлі жауапты қызметтер атқарды. Еңбегі жеміссіз болған жоқ. Оның 14 мемлекеттік марапаттарының қатарындағы «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында фашистік Германияны жеңгені үшін», «КСРО маршалы Г. Жуков медалі», «Ерлігі үшін» медалі сол отты жылдардағы шыңдалу кезеңінің белгілері іспетті.

Шаруагер

Кеңестік заманда қай ауданның болмасын бетке ұстар шаруашылыкгары, алдыңғы шепте жүретін айбынды басшылары болды. Сондай жігерлі жандардың бірі – Бөкен Нұршабаев 1954 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін Ұлытау, Жезді аудандарында партия, шаруашылық органдарында басшы қызметтерде болды. Соның ішінде 18 жыл Ұлытау МТС-інің партия ұйымының хатшысы жəне «Ұлытау» кеңшарының директоры қызметтерін атқарды.
Əдетте адам баласы, оның ішінде ер бала əкеден тəлім-тəрбие алып өседі ғой. Бөкеңнің əкесі Əбдікəрім мен шешесі Бибі орталарына сыйлы, қадірлі жандар болған екен. Əбекең мен Бибі шешейдің шаңырағынан өз заманының талай дуалы ауыз шешендері мен ел басқарған көсемдері дəм татып, балаларына батасын берген деседі білетін кісілер. Сол аруақ қонған ерлердің батасы дарыса керек Əбдікəрім ақсақалдың кіндігінен тараған Бөкең Бекен, Ерназар, Үйсін деген төрт баласы би болмаса да би түсетін үй, іргелі шаңырақ болды. Міне, сол төртеудің үлкені – Бөкен сан-салалы қызметтерді атқарып, соңында жақсы із қалдырды.
Соғыс аяқталғанымен, елде күйреген шаруашылықтарды қалпына келтіру оңайға түспеді. Ол кезде Ұлытау өңірінде шаруасы жүрмей, тұралап тұрған 22 колхоз бар еді. Сол кездері үкімет мұндай ұсақ шаруашылықтарды ірілендіріп, кеңшарлар құру ісін қолға алды. Ал, мұндай жауапты да маңызды жұмыстарды жүргізуге білікті басшы керек еді. Осы МТС-те парторг болып жүрген Бөкен Нұршабаев аудан басшыларының назарына бірден ілікті.
Бөкен аға бұл сенімді абыроймен атқара алды. Ұлытау кеңшарын қолымен құрып, шаңырағын тіктеді, шаруашылығын жолға қойды. Дəл осы кезде елде тың жəне тыңайған жерлерді игеру басталды да Бөкен аға бұл жұмысқа да үлесін қосты. Ұлытау кеңшарына қарасты «Ақжар» деген жердің түрен тимеген кең жазығына соқа салып, егістік алқапты молайтты. Өнім де еселеді. Кеңшардың шаруасы шарықтай бастады. 3 қой, 2 сиыр, 1 жылқы бригадасы құрылып, оларда 30 мың қой, 4 мың ірі қара, 1,5 мың жылқы өсірілді. Кеңшар директоры осы қомақты мал басын өсірудің түйткілді проблемаларын оңтайлы шешті. Ірі, көрікті ферма орталықтары, тұрғын үйлер, мектеп, дəрігерлік пункт, кітапхана, электр қуатын беретін станция салынды. Басқа да толып жатқан əлеуметтік маңызы бар нысандар салынып, пайдалануға берілді. Осы істің басы-қасында Бөкең жүрді.

Шежіре

Азаматтың бағасын қай кезде де өз тұстастары береді. Бөкен аға туралы айтылған пікірлерді саралап отырсақ, көз алдымызға елге түтқа болған ерен тұлға келіп тұра қалады. Ал, оны суреттеушілер əлгі айтқан үзеңгілес достары, ізбасарлары. Солардың бірі марқұм – Мұхамбедия Əлжанов былайша сыр шертіпті.
«… Басшы адамға сын көп қой. Əйтсе де халыққа Бөкеннің сабырлы, істі терең ойлана шешетін қасиеті ұнады. Өзі жүрген жерінде бастаған шаруасына атүсті қарамай, бағыныштыларына тапсырма берумен ғана шектелмей, сол істің тыңғылықты, сапалы орындалуын қамтамасыз ететін.
Ол халықпен тіл табысып жумыс істегенде ешкімгө дауыс көтермей, өзінің жоғары лауазымды билігін бұлдамай, қарапайым сөзімен, көңілге қонар ақыл-кеңесімен абырой-беделге бөленді. Белгілі ақын Көкімбек Салықовтың:
Бұл күнде ел билігін қолына алды,
Қарт шопан Нұршабайдың балалары, – деп өлеңге қосуы, Бөкеннің еңбегіне берілген баға…».
Бөкен Нұршабаев жайлы осындай тағылымды əңгіме айтып қалдырған жандардың бірі марқұм – Ниязбек Сейткенов екен.
«Селоны жасыл желекпен көріктендіру ісіне Бөкен марқұм ерекше көңіл бөлді. Ол селоның орталығында, биік жерге тастан тұғыр орнатып, оған үлкен цистерна қойдырды. Арнайы ұңғыма қаздырып, одан цистернаға су тарттырды. Цистернаны суға толтырып, одан əр көшеге құбыр тарттырды. Сол арқылы əр үйдің бау-бақша егуіне, тал-терек отырғызуына мүмкіндік жасады. Ұлытауда ертеректе қоныстанған орыстардан қалған жалғыз кəрі терек болатын. Аз ғана уақытта Бөкен ектірген тал-теректер жапырақ жайып, Ұлытау көк желекке оранды. Əттең, сол іс Бөкен кеткен соң аяқсыз қалды…», – деп еске алыпты Ниязбек аға кезінде.

Түйін

Бөкен ағаның асыл ғұмырлы өмір-өзені ұрпақтар сабақтастығымен жалғасып келеді. Анау айтқандай, керемет атақ-дəрежесі болмаса да елдің алдындағы абырой биігінің өзі ұрпақтарына мақтан болып отыр. Бөкең өзінің еңбек жолында қоғам қайраткері, ел ағасы атанды. Бірнеше мемлекеттік наградалар мен марапаттардың иесі. Ауданның 85 жылдық тарихында Бөкен Нұршабаевтың еңбек жолы мен қалдырған ісі мұнан да зор құрметке əбден лайық. Ұлытау ауданында «Бөкен Нұршабаев көшесі» деген бір көше болса тіптен нұр үстіне нұр болар еді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.