Сыбайлас жемқорлықпен күрес – басты назарда

Қазіргі таңдағы мəселелердің бірі – қоғамдағы сыбайлас жемқорлық. Осы келеңсіз құбылыстың үдеп бара жатқаны бəрімізді алаңдатады. Оған шек қоюға бүгінде атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Десек те, сыбайлас жемқорлықтың əлі де бəсеңдейтін түрі жоқ. Оның алдын алу жолында облысымызда да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейді. Осыған орай, өткен аптада сыбайлас жемқорлыққа қарсы қағидаттарды түсіндіру мақсатында Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары Жаслан ХАМИТОВ Ұлытау ауданы орталығына келіп, тұрғындарымен кездесу өткізді.

Спикермен өткен жиынға аудан əкімі Аманжол Мырзабеков, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Əбішев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік жобасының облыстық үйлестірушісі Дəулет Сейтбеков қатысып отырды.
Алдымен, департамент бастығының бірінші орынбасары Жаслан Мейірманұлы бастаған топ аудан əкімдігінде мемлекеттік қызметшілермен «Жемқорлық індет – жою міндет» тақырыбында кездесу өткізді. Келесі жиын аудандық білім бөлімінде «Жастар жемқорлықсыз қоғамды таңдайды» тақырыбында №1 Ұлытау орта мектебінің оқушыларымен өтті. Одан кейінгі кездесу «Сыбайлас жемқорлықпен күресу – баршамыздың міндетіміз» тақырыбында құқық қорғау органдары қызметкерлерімен аудандық полиция бөлімінде жалғасты. Сонымен қатар, аудан кəсіпкерлерімен де «Кəсіпке жол» тақырыбында кездесу өтті.
Кездесу барысында спикер Жаслан Хамитов қоғамда əр тұлғаның санасына құқықтық мəдениетті қалыптастыру үшін түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
«Жемқорлыққа қарсы күрес жан-жақты үздіксіз, ашық əрі əділетті түрде жүргізілген жағдайда біз алға қойған мақсаттарымызға жете аламыз» деді Жаслан Мейірманұлы. Сондай-ақ, жиында сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігі айтылды. Оның ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға, пара алу жəне беру, сыбайлас жемқорлық тəуекелдерін жою жəне қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған шаралар негізінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Осылайша барлық амалдарды қолдану арқылы тиімді түрде келеңсіз құбылысқа қарсы тұруға болатынын жеткізді.
Жиын соңында ұйымдастырушы тарап кездесуге қатысқандарға аталған қағидаттар аясында түсіндірме парақшаларын таратты.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.