Ақылдасып шешкен адаспайды

Данышпан бабаларымыз ел тағдырына байланысты келелі мəселені əрқашан кеңесіп шешкен. Ақылдасып шешкен адаспайды, кеңескен істе кемшілік болмайды. Ел басына күн туған кезде данышпан бабаларымыз Төле би, Қаздауысты Қазыбек би, Əйтеке билер үш жүз халқының басын қосып, қара бұлттай қаптаған қалмақтарға қайтып бас көтерместей соққы беріп, ұлы жеңіске жетіп, елдік пен ерлік, бірлік туын көтеріп, ұлтымызды апаттан аман алып қалып, ел тағдырын шешкен.

Мұндай ұлттың келешегі үшін келелі жиындардың орны ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ұлытауда, Түркістанда, Атырауда өткен Ұлттық Құрылтай ұлт мүддесіне сай, ұлы жиын болды.
Биылғы қасиетті наурыз айында Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Адал – Адам, Адал – Еңбек, Адал – Табыс» деген тақырыпта Атырау облысында өткен Ұлттық Құрылтайда көптеген көкейтесті мəселелер көтеріліп, оны шешу жолдары нақтыланды. Жер қойнауындағы байлықтарды игеріп, ел игілігіне айналдыру, ұлттық құндылықтарымызды дəріптеу, əлеуметтік-экономикалық даму мəселелері айтылды.
Мемлекет басшысы осы құрылтайға дейін айтылған идеологияларды қорыта келіп, жалпы ұлттық құндылықтарымызды: — Тəуелсіздік жəне Отаншылдық, Бірлік жəне Ынтымақ, Əділдік жəне Жауапкелшілік, Заң жəне Тəртіп, Еңбекқорлық жəне Кəсіби біліктілік, Жасампаздық жəне Жаңашылдық басты құндылықтарымыз екенін атап көрсетті.
Басқа да көптеген мəселелерге тоқтала келіп, Мемлекет басшысы құрылтайда сөйлеген сөзінде «Біздің алдымызда үш айрық жол тұр: құлдырау, тоқырау немесе өрлеу. Біз əрдайым өрлеуді таңдаймыз» — деді.
Заманымыз тыныш, еліміз аман, болашағымыз жарқын, халқымыз бақытты болып, əрқашан көздеген мақсатымызға жете берейік!

Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Қазақстанның Құрметті журналисі.