Қарағанды бейнелеу өнері мұражайында екі фотокөрме ашылады
Жергілікті «Қарағанды» фотоклубы қала тұрғындары мен қонақтарына тамаша екі фотокөрме дайындады. Экспозициялар Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында 9-21 ақпан аралығында өтеді.
Бірінші көрме кеншілер шаһарының 87 жылдығына арналған. Фотосурет арқылы туған қаламызға сырттай қарауға болады. Оны біреудің көзімен көруге мүмкіндік береді. Көрермен алдында қала пейзаждары, қала тұрғындарының портреттері, жарқын оқиғалар мен күнделікті өмір көрсетіледі. Экспозицияда фотоклуб мүшелері мен жергілікті тұрғындардың жұмыстары ұсынылады. Көрмеге 70-тен астам фототілші қатысуға ниет білдірді. Нәтижесінде фотоклубтың қазылар алқасы 10 жұмысты таңдады. Қарағандылықтарға барлығы 17 автордың 120 фотосуреті көрсетіледі.
«Экстраполяция» фотокөрмесі «Қарағанды» клубының жұмысын қорытындылайды. Клубтың негізін қалаушылардың бірі Болат Аймағамбетов экспозицияның атауы немен байланысты екенін түсіндірді.
— Көрменің атауын біздің фотоклуб жетекшілерінің бірі Тимур Кудеринов ойлап тапты. Біздің үш құрылтайшымыз бар — мен, Тимур және оның әйелі Светлана. Біздің жағдайда экстраполяция сол кездегі «Қарағанды» халықтық фотоклубының қызметін жалғастыруды білдіреді. Яғни, біз оны қайта жандандырып, шығармашылықты жалғастырамыз, — дейді Болат.
Көрмеде классикалық портреттен бастап сюрреализмге дейінгі барлық жанрлар ұсынылады. Фотоклуб Қарағандының 40-тан астам фотоәуесқойларының басын қосты. Есептік көрмеге фотоөнердің 22 жанкүйері қатысты және 114 жұмыс ұсынылды. Қазірдің өзінде клуб мүшелерінің 240-тан астам фотосуреттері жарияланған үш томдық жинақ шығарылды.
— Біздің фотоклуб бір жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Біз 2019 жылдың 8 қыркүйегінде ашылдық. Мақсат бір болды — мамандығына қарамастан шығармашылық фотографиямен айналысатын адамдарды біріктіру. Біз фотомектеп емеспіз. Бізге фотография арқылы өз көзқарасын түсіндіріп түсіре алатын адамдар келеді. Біз коммерциялық емес және мемлекеттік ұйым емеспіз, бізді ешкім демеуші етпейді. Жалғыз ғана энтузиазмның арқасында қызмет етіп келеміз. Біздің есігіміз әрдайым жаңа достарымыз үшін ашық, — деді Болат Аймағамбетов.
Бұл «Қарағанды» фотоклубының алғашқы көрмесі емес. Олардың Станиславский атындағы театрмен бірігіп ұйымдастырған «Перспектива» жобасы, фотосушкалар, шығармашылық кездесулері болған. Клуб мүшелері көптеген көрмелер, байқаулар, шеберлік сабақтарын өткізуді жоспарлаған болатын. Алайда Ковид оның барлығын тежеп қалды.
Көрмені мұражайдың әлеуметтік желілерінен онлайн көруге болады.